Павлодардағы Теміржолшылар кентінде үй өртенді
Сол жерден өтіп бара жатқан азамат үйдің ішінен газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мәліметінше, 28 наурызда 101 пультіне Теміржолшылар кентінде Бәйтерек көшесі, 66 мекенжайында жеке үйде түтін шыққандығы туралы хабарлама түскен.
– Оқиға орнына келісімен 2 пәтерлі 3 бөлмелі кірпіш үйдің ас бөлмесінде тоңазытқыш, тартылған төбе жабындысы, жартылай ағаш құрылымдар жанғаны анықталды. Өрт алаңы 5 шаршы метрді құрады, – деді мекемеде.
Өрттің шығу себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы болған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 16:42-де жойылды.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін осы үйдің жанынан өтіп бара жатқан аталған мекеменің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ермек Мұханов жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында жарылыс қаупінің алдын алды.
– Азаматтық қорғау старшинасы Ермек Мұханов 27 литрлік 1 газ баллонын үйден алып шыққан, – деді мекемеде.
Өртті сөндіруге «Павлодар облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ жеке құрамының 11 қызметкері мен үш техника қатысты.