Павлодарда ҚХА мамандандырылған сыныбының түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды

Павлодарда ҚХА мамандандырылған сыныбының түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды
Фото: Рустэм Ануарбеков

Іс-шараға ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы №24 жалпы орта білім беру мектебінде Қазақстанда алғаш рет қолға алынған бірегей жоба – Қазақстан халқы Ассамблеясының мамандандырылған сыныбының түлектері үшін соңғы қоңырау салтанаты өтті. 

– Бұл шара тек сынып түлектері үшін емес, сондай-ақ жалпы Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін де ерекше мәнге ие маңызды әрі символдық оқиға болды, – деді облыстық ҚХА баспасөз қызметі.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиын барысында облыстық корейлер қауымдастығының «Somang» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Пак түлектерге жүрекжарды тілегін білдіріп, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сыныптың қалыптасуына және табысты дамуына елеулі үлес қосқан жетекшісі – Павлодар облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Рамиль Смаилов. Оның басшылығы мен тәлімгерлігінің арқасында бұл сынып этносаралық мәдениет пен әлеуметтік белсенділікті дамытуға арналған шынайы алаңға айналды.

– Оқушылар оқу барысында бірнеше маңызды жобаларға белсене қатысты. Атап айтқанда, патриоттық әндер фестивалі «Саған арнаймын, Қазақстаным», жастар форумы «Бірлік – Единство KZ», этникалық сән фестивалі «Этномода», экологиялық бастама «GreenPVL», тарихи-ағартушылық жоба «Тарих ғибраты» және тағы басқа бастамаларда белсенділік танытты. Сынып жұмысы бірнеше бағытты қамтыды: мемлекеттік тілді меңгеру, тарихи-мәдени мұраны зерделеу, медиасауаттылықты арттыру және этномәдени тәрбие беру, – делінген хабарламада.

Мектептегі ерекше оқиғалардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының тақырыптық кабинетінің ашылуы болды. Бұл кабинет түрлі этностардың тарихы мен дәстүрін танып-білуге арналған мәдени-ағартушылық кеңістікке айналды. Жоба аясындағы осы бастаманың жүзеге асуына «Буковина» румыния-молдова этномәдени бірлестігінің төрайымы Аурика Дяк елеулі үлес қосты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мамандандырылған сыныбы – білім беру мен қоғамдық бастамаларды табысты ұштастырудың үлгісі. Бұл сыныптың түлектері – ел тарихы мен мәдени мұрасын құрметтейтін, белсенді азаматтық ұстанымы бар, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға дайын жастар.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мектеп ұжымына, әкімшілікке, ата-аналарға және жобаны қолдаған барлық азаматтарға алғыс білдіреді.