Павлодарда оқушылар кітап оқып, ноутбук ұтып ала алады
Жас кітап сүйер қауым арасында «BOOK BATTLE» байқауы жарияланады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, жарыс үш кезеңнен тұрады. Біріншісінде байқауға қатысушыларға 31 шілдеге дейін qr-код бойынша бір кітапты оқу ұсынылады.
Екінші турда «буктрейлер», яғни бейнебаян жазу қажет. Бұл – кез келген кітап туралы еркін көркем түрде баяндайтын қысқа бейне. Жарнаманың бір түрі.
Үшінші турда эссе жазу қажет. Авторға хат. Конкурсқа қатысушылар жазушының идеясын жалғастырып, кейіпкерлердің ішкі әлемін жаңаша ашуға тиіс.
– Технология қаншалықты тез дамыса да, қарапайым кітап әрқашан білімнің негізгі көзі болады. Ал балалар кітапханалары – нағыз қазына. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар кітапхана жүйесін дамыту қажеттігі туралы бекер айтпаған, – дейді Қуаныш Қыдыралин.
Ұтысқа бес ноутбук қойылады. Конкурсқа қатысуға өтінімді Google-форма арқылы беруге болады.