Павлодар облысында ауыл балаларына әлемдік ЖОО-ның есігін ашады

Павлодар облысында ауыл балаларына әлемдік ЖОО-ның есігін ашады
Фото: pexels.com / Pavel Danilyuk

IQanat олимпиадасына екі мыңға жуық оқушы қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің 11 ауданында IQanat олимпиадасы өтіп жатыр. 

Қатысушылар саны 1800-ден асады. Ұйымдастырушылар тобы қазіргі уақытта Ертіс, Ақтоғай және Май аудандарының балаларымен кездесіп, олардың білімін сынап үлгерді. Алдағы күндері қалған сегіз ауданды аралау жоспарланған.

Бұл бастама – ауыл балаларына әлемнің үздік жоғары оқу орындарының есігін ашатын IQanat жобасының бір бөлігі. Жобаның қолдаушылары - қазақстандық кәсіпкерлер. Олардың көбі ауылдан шыққан, өз еңбегімен жетістікке жеткен жандар. Бүгінде IQanat қауымдастығы 240-қа жуық кәсіпкерді біріктірген, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Биылғы олимпиада ел көлемінде бұрын-соңды болмаған ауқымда өтуде. Қазақстанның 3300 ауылынан және 170-тен астам ауданынан 64 мың бала қатысып жатыр.

Олимпиада барысында балалардың мектептегі бағалары ескерілмейді. Оқушылар математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау мен қазақ тілі бойынша кешенді тест тапсырады.

Барлық кезеңнен сәтті өткен жеңімпаздарға IQanat қамқоршылары екі мүмкіндіктің бірін ұсынады:

  • IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында;
  • үш жылдық сүйемелдеу бағдарламасы бойынша оқуға грант.

Бағдарлама аясында балалар ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілі, ІТ, кәсіпкерлік және soft skills дағдыларын дамытады. 

Айта кетерлігі, IQanat былтырдан бері Гарвард, Йель және Барқыт Лигасының (Ivy League) басқа университеттеріне түскен кез келген түлекке толық грант беру туралы шешім қабылдаған.