Екібастұзда ірі кәсіпорындар мен оқу орындары түсіндірме жұмыстарын жүргізді
Техникалық және кәсіптік мамандықтар насихатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ӨНЕР» ҚМС-да Екібастұз қаласының жастарына орта білім беру ұйымдарының оқушыларына мамандықты дұрыс таңдау маңыздылығын түсіндіру аясында «Option Tour» жобасы бастау алды.
Кәсіби бағдар беру жөніндегі алаңда білім алушыларға бағыт-бағдар берілді. Сондай-ақ, әр мамандыққа тоқталып, қиындығы мен өз қызығы туралы әңгімелесіп, салалардағы мамандықтар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, «Богатырь Көмір» кадр мамандары мәдениет үйінде өткен мектеп оқушыларымен кәсіптік бағдар беру бойынша кездесуге қатысып қайтты.
«Option tour» жобасы алаңында жиналған жастар қауымына қаламыздың ірі кәсіпорындарынан келген өкілдер мамандық таңдауда және де кейін жұмысқа орналасуда бағыт алуға көмек көрсетті.
Аталмыш компанияның спикері жеке құрамды басқару бөлімінің сектор бастығы Дана Қабдуовамен ұсынылған баяндамада кәсіпорынның қысқаша тарихы, негізгі атқаратын ісі, мамандық түрлері, қоғамға әкелетін пайдасы айтылды. Болашақта кәсіби маман болу мақсатында қандай қадамдар жасалуы керектігі жайында кеңес берілді.
Сондай-ақ, жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен жүргізілген аталмыш шараға қаламыздың жоғары және арнайы орта білім беру мекемелерінің белсенді студенттері де үлес қосты. Әрқайсысы әзірлеп келген үгіттеу жұмыстарын экранда көрсетіп, оқушылардың назарларын өз оқу орындарына аудартуға тырысты.
Айта кетейік, сөз соңында оқушылар «Богатырь Көмір» компаниясына арнайы экскурсияға шақырылды. Ол үшін шара аяқталған соң тіркелу ұсынылды.