Павлодарда 100-ге жуық қандас оқуға қабылданды
Олардың көбі педогогикалық мамандықтарды таңдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Заут мәлім етті.
– Торайғыров университетінің «Foundation» факультетіне – 75 студент, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Foundation» дайындық бөліміне 20 студент қабылданды, – дейді Болат Заут.
Өткен аптада шетелден оқуға келген қандас балалар өз бақтарын сынап, жоғары оқу орындарына емтихан тапсырған. Іріктеу емтиханға ұлты қазақ 130-ға жуық шетелдік жас қатысқан. Емтиханның қорытындысы бойынша 95 қандас аталған университеттерге оқуға қабылданатын болды.
Еске сала кетейік, облысқа қандастар көбінесе Моңғолиядан келеді. Бүгінгі таңда бұл елден өңірімізге 500-ге жуық қандас қоныс аударған. Оңтүстік өңірлер мен шет елден келген қандастар бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қолдау тауып, жұмыстармен қамтылуда.