Аққулы ауданы қандастарды толық қабылдап үлгерді
Биыл ауданға 50-ге жуық қандас қоныс аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов мәлім етті.
– Биыл ауданымызға 250 тұрғын көшіріледі деп жоспарланған болатын, оның ішінде 205-і оңтүстік өңірден қоныс аударушы, 45-і шет елден келген қандас, – дейді Руслан Мұқанов.
Аудан әкімінің мәліметінше, бүгінгі таңда жұмыс күші артық өңірлерден 25 отбасы, дәлірек айтқанда, 129 адам көшіп келді. Ал шет елдік сегіз қандас отбасы, яғни 45 адам жоспарға сәйкес толық қоныс аударған.
Бүгінгі таңда қандастар мен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан толық тиісті көмектер көрсетілген.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда облысымызға жыл басынан бері келген қандастардың саны – 802 адам. Ал оңтүстіктен қоныс аударған тұрғындардың саны 1902 адамды құрайды. Қоныс аударғандардың ішінде 1661 адам жұмыс істеуге қабілетті. Олардың ішінде 880 қоныс аударушы жұмыспен қамтылды.