Павлодарда 20-дан астам колледж қатысқан кәсіби фестиваль өтті
Студенттердің жобалары ашық алаңда таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Мамандықтар әлемі» фестивалі аясында кең көлемді кәсіптік бағдар беру көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аймағында түрлі бағыттағы мамандықтар таныстырылып, студенттердің тәжірибелік жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.
Жәрмеңкеде құрылыс, энергетика, IT, дизайн, гуманитарлық және техникалық бағыттар қамтылып, әр колледж өз жетістіктерін таныстырды. Оқушылар оқу бағдарламаларымен танысып қана қоймай, студенттердің нақты жасаған өнімдерін көріп, болашақ мамандықтары туралы маңызды ақпарат алды.
Көрме аймағында ерекше көзге түскен туындылардың бірі - ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлескен студенттердің шығармашылық жұмыстары. ИнЕУ жоғары колледжінің директорының орынбасары Қазыбек Әблештің айтуынша, негізгі мақсаты - болашақ түлектерге колледж мүмкіндіктерін толық көрсету.
- «Мамандықтар әлемі» аясында дизайнерлік, құрылыс, электроэнергетика , қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру бағыттары бойынша өзіміздің жұмыстарымызды таныстыруға келдік. Қазіргі таңда 16 бағыт бойынша 16 тәлімгер қатысып жатыр. Көрмеге қойылған жұмыстар - жоғарғы курс студенттерінің еңбектері. Әсіресе, графика және дизайн мамандығы бойынша курстық жобалар ұсынылды, - деді ол.

Көрме барысында мектеп оқушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, түрлі мамандықтар бойынша нақты ақпарат алды. Мұндай шаралар жастардың болашақ кәсібін дұрыс таңдауына жол ашады.