Аққулы ауданында мектеп оқушылары ұлттық киім киіп, дефиле жасады

Аққулы ауданында мектеп оқушылары ұлттық киім киіп, дефиле жасады
фотоны облыстық білім беру басқармасы ұсынды

Семинарда «Жаны жайсаң жеңгелер» клубы өз жұмысымен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданы Жабағылы негізгі білім беру мектебінде ұлттық құндылықтарды жандандыруға арналған ерекше іс-шара өтті. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған семинарда «Жаны жайсаң жеңгелер» клубы өз жұмысымен бөлісіп, ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұралардың көрінісі болатын ерекше этно-көрме ұйымдастырды.

Мектеп басшысының міндетін атқарушы Зухра Атимова іс-шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, «Жаны жайсаң жеңгелер» клубының ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолындағы маңыздылығын атап өтті.

Этно-көрменің негізгі тармақтарының бірі қазақтың ұлттық киімдері болды. Клуб мүшелері өз қолдарымен тігіп дайындаған киім үлгілерін мектеп оқушылары киіп, қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің байлығын паш ететін дефиле жасады.

Этно-көрме аясында бірнеше тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды. Алғашқы алаңда ұлттық ойындар бойынша шеберлік сабақтары өтті. Екінші алаңда сүт өнімдерінің шығу тарихына арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылды. «Жаны жайсаң жеңгелер» клубының мүшелері ұлттық тағамдардың дайындалу жолдарын көрсетіп, қатысушылармен бірге құрт жайып, сүт өнімдерін жасаудың ежелгі әдістерін көрсетті. Үшінші алаңда ұлттық киімдерді тігу барысына арналған шеберлік сабағы өтті. Клуб мүшелері Загия Ергазинова мен Шынар Нурсултанова қазақ ұлттық киімдерінің тігу тәсілдерін көрсетіп, қатысушыларды шертке тігу ісіне үйретті.

–   Асық ойындары баланың шеберлігі мен логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, қазақ халқының бай мәдениетін түсінуге мүмкіндік берді,  деді мектептің асық үйірмесінің жетекшісі Әнбя Рахатбек қатысушыларға асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ сынды ойындардың қыр-сырын көрсетіп.

Семинардың қорытындысында қатысушылар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мен тәрбиелік жұмыс сапасын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті. Ұйымдастырылған тақырыптық алаңдар қатысушыларға қазақтың бай мәдени мұрасымен жақын танысуға, қолөнер, ұлттық ойындар және тағам дайындау шеберлігін үйренуге мүмкіндік берді.