Жарты ғасырлық дәстүр: «Жас музыкант» байқауы жас таланттарды танытты

Жарты ғасырлық дәстүр: «Жас музыкант» байқауы жас таланттарды танытты
Фото: Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған мектеп-интернатынан

Байқауға облыстың әр түкпірінен келген жас орындаушылар қатысып, екі күн бойы өнерлерін қазылар алқасына көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған музыкалық колледж базасында өткен елу тоғызыншы облыстық «Жас музыкант» байқауында балалар сахнада тек техникалық шеберлігін ғана емес, шығармашылық қабілетін, сценалық мәдениетін де паш етті.

Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған мектеп-интернат басшысы Серік Сыздықовтың айтуынша, бұл жоба елімізге кеңінен танымал және Қазақстан музыка өнерінің көптеген белгілі майталмандары да дәл осы сахнадан шықан.

– Бұл жоба жастарға өз дарындарын көрсетуге таптырмас мүмкіндік береді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар байқау талай жас таланттың қанатын қатайтты. Биыл фортепиано мен хор ұжымдары аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Қазылар алқасы екі күн бойы өнерлерін бағалап, жаңа есімдерді таныды. Жеңімпаздар наурыз айында Астана қаласында өтетін республикалық турда облыс атынан өнер көрсетеді, – деді Серік Сыздықов. 

Биылғы байқауда «Фортепиано» аталымында Гран-при Захария Айдарғазинға бұйырды. Ол Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы, педагогы – Елена Москвина. Захария небәрі үш жылдан бері музыкамен айналысады, бірақ байқауда өз шеберлігін барынша көрсете білді.

– Музыкалық жолда қиындықтар да болды, қызықты сәттер де кездесті. Әкем музыкалық мектеп бітіргендіктен бізді осы өнерге баулыды. Музыка ойлау қабілетін дамытады, шығармашылықты шыңдайды. Аспапта ойнағанда басқа әлемге енетіндей боласың, тек өзің мен әуен ғана қалады, – дейді 3-сынып оқушысы Захария Айдарғазин. 

Хор номинациясында үздік деп екібастұздық Естай атындағы балалар музыка мектебінің хор ұжымы танылды. Ұжым жетекшісі – Азалия Қаратай. 

– Биыл сегіз хор ұжымы қатысты, жалпы саны екі жүзге жуық бала өнер көрсетті. Бағдарламалар әртүрлі стильде болды: халық әндерінің өңдеулерінен бастап классикалық шығармалар, джаз және заманауи музыка. Хор өнерінің басты қиындығы – балаларды үйлесімді үндеуге үйрету. Интонацияны сақтау, дауыс қою, мәтінді дұрыс жеткізу – бәрі бірге дамытылады. Бұл – ұстаз бен шәкірттің ортақ еңбегі. Бас жүлде алған ұжым барлық талап бойынша жоғары деңгей көрсетті, – дейді Хор аталымы бойынша әділқазылар алқасының төрағасы Михаил Никитенко.

Қазылар алқасы әр хордың дирижері мен концертмейстерінің кәсіби шеберлігін де ерекше атап өтті. Дирижер балаларды жеке-жеке дауыспен жұмыс жасауға үйретсе, концертмейстер барлық бағдарлама барысында оларға аккомпанемент жасап, орындауды үйлестіреді. Жас орындаушылар кейде джаз немесе заманауи композициялар үшін қосымша музыканттарды – бас-гитарист, гитарист, ударникті – қосады. Программалар халық әндерінің қазіргі заманға бейімделген өңдеулерінен бастап классикалық және заманауи шығармаларға дейін әртүрлі стильде ұсынылды.

Оның айтуынша, байқауға қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болды. Оқушылар сахна мәдениетін, ансамбльде бірлесіп ойнау шеберлігін, вокалды техника мен мәтінді дұрыс жеткізуді көрсетті. Мұның бәрі ұстаздардың көп жылдық еңбегімен, жеке сабақтар мен топтық репетициялар арқылы қалыптасады.

Бұл байқаудың ерекшелігі – әр номинация үш жылда бір рет өткізіледі, сондықтан оқушылар ұзақ уақыт бойы дайындалады. Биылғы облыстық кезеңде үздік атанғандар республикалық турда Павлодар облысының атынан өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау жас өнерпаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап, музыка саласындағы жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік береді.