Павлодар облысында балабақша тәрбиешілеріне көмекшілер тапшы
Бүгінде білім беру саласында 70-тен астам бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.
– Бүгінгі таңда білім беру саласында кадр жетпіспеушілігі бар екені жалған емес. Мәселен, мектептерде орыс тіліндегі бастауыш сынып мұғалімі, орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, математика, физика пәнінің ұстаздары жетіспейді. Алайда ұстаздарға да қойылатын талап көбейген, – дейді Самал Айтқазина.
Облыстың бас ұстазы балабақшаларда да мұндай мәселе туындағанын атап өтті. Бұл мекемелерде тәрбиешілерге көмекшілер керек.
– Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеші көмекшісі тапшы. Тіпті, екі топқа бір қызметкер қойылып жатады. Бүгінде бұл мамандардың жалақысы 100 мың теңгенің маңайында. Мекеме басшылары бұл мәселелер бойынша жұмыс істеуде, – дейді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының айтуынша, білім саласында 72 бос жұмыс орыны бар. Жыл басында бұл көрсеткіш 126 бос орынды құраған болатын.