Павлодарда 55 мыңға жуық оқушы алғаш рет қазақ тілінен емтихан тапсырады
Аралық және қорытынды емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, биыл алғаш рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8 және 10- сыныптарда оқитын 54242 оқушы 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихан тапсырады.
- Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады. Яғни жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді,- делінген хабарламада.
29 мамыр мен 10 маусым аралығында 9- сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді. Ал 11-сыныпты бітірушілер 28 мамыр - 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.
Айта кетелік, Павлодар облысында контингенті 116 096 білім алушыны құрайтын 360 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.
Оның ішінде 9-сынып түлектерінің саны 10 778, 11-сынып - 4 322 оқушыны құрайды. «Алтын белгіге» үміткерлер – 161, үздік аттестатқа үміткерлер – 245 оқушы бар.