Павлодар облысында жазда мектеп лагерьлері көбейеді

Павлодар облысында жазда мектеп лагерьлері көбейеді
Фото: Константин Шелков

Биыл әлеуметтік осал топтардан шыққан және әртүрлі есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында биылғы жазғы маусымда 110 277 баланы демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі оқушылардың жалпы санының 99,1 пайызын құрайды. Бұл туралы Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл жазғы демалыспен қамтылатын балалар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артады. 2025 жылы өңірде 96 132 бала немесе оқушылардың 97,8 пайызы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылған болатын. Биыл бұл көрсеткішті ең алдымен мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлер санын көбейту арқылы арттыру көзделіп отыр.

Атап айтқанда, мектеп жанындағы лагерьлер саны 334-тен 356-ға дейін ұлғаяды. Ал бейіндік лагерьлер саны 357-ден 576-ға дейін көбеймек. Сонымен қатар еңбек жасақтарына тартылатын балалар саны да артады. Өткен жылы мұндай жасақтарда 11 мың бала еңбек етсе, биыл олардың саны 12 мыңға жетеді.

Әлеуметтік осал санаттағы және түрлі есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл мұндай 35 389 баланы жазғы демалыс және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған. Оның ішінде 9 127 бала мектеп жанындағы лагерьлерде, 1 702 бала қала сыртындағы лагерьлерде, ал 24 587 оқушы бейіндік лагерьлерде демалады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 24,5 мың балаға артық.

Жазғы кезеңде облыста 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді. Оның екеуі жыл бойы қызмет көрсететін лагерь болса, тоғызы — маусымдық лагерь. Екі лагерь жекеменшік нысан саналады. Алма Айтуарованың айтуынша, бүгінде лагерьлердің барлығы зертханалық тексерулерден өткен. Қазіргі таңда санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды мен төтенше жағдайлар қызметінің рұқсат құжаттарын алу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар жаз мезгілінде 359 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп, онда 38 965 баланы қамту жоспарланған. Биыл алғаш рет үш жекеменшік мектеп өз базасында лагерь ұйымдастырмақ. Олар — «Детвора» мектебі, «КЕО» мектебі және Екібастұз қаласындағы Машһүр Жүсіп атындағы ғылыми мектебі.

Мектептер, колледждер және қосымша білім беру ұйымдарының базасында 576 бейіндік лагерь жұмыс істейді. Биыл бұл жұмысқа алғаш рет NIS мектебі де қосылады. Маусым айында 9–10 сынып оқушылары үшін ҰБТ-ға дайындық бағытындағы бейіндік сабақтар ұйымдастырылады.

Өңірде «Жолдама сыйла» акциясы да жалғасады. Қазіргі таңда оған 90-нан астам кәсіпорын қосылған. Жалпы 3 964 жолдама беру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 673 орынға көп. Әсіресе Екібастұз бен Ақсу өңірінің кәсіпорындары белсенділік танытып, әлеуметтік осал санаттағы балаларға тиісінше 2 060 және 1 280 жолдама бөлмек.

Жаз мезгілінде балаларды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылады. Өңір кәсіпорындары 12 061 жоғары сынып оқушысы мен колледж студентіне жұмыс орындарын ұсынбақ. Оның ішінде 8 556 оқушы сауда орындарында, гипермаркеттерде, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында және курьерлік қызметте еңбек етеді. Тағы 2 775 жасөспірім «Жасыл ел» жасақтарына қатысады. Ал 461 бала туыстарының немесе отбасылық кәсіпкерлік нысандарында жұмыс істеуге ниет білдірген.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау орталықтары мен балалар ауылдарының тәрбиеленушілері үшін Ақмола облысы, Қостанай облысы және Шығыс Қазақстан облысы аумақтарындағы қала сыртындағы лагерьлерде демалыс ұйымдастырылады.

Білім басқармасының мәліметінше, маусымдық лагерьлердің бірі — Тереңкөл ауданындағы аудандық оқушылар үйінің лагері санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып үлгерген. Қалған лагерьлер рұқсат құжаттарын алу кезеңінде.