Павлодарда абайсызда әкесін өлтірген ер адам сот залынан босатылды
Жазатайым оқиға ауызша жанжалдан басталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№ 2 сотында ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі – «Абайсызда адам өліміне әкеп соғу» туралы іс қаралды.
Іс материалы бойынша, өткен жылдың 11 шілдесінде екі мас ер адам өзара сөзге келіп қалған. Әкесі еш жерде жұмыс істемейтін және бос жүрген 35 жастағы ұлын үйден қуып жібергісі келген.
– Жанжал кезінде жас жігіт әкесінің бетінен ұрып, бар күшпен итеріп жіберген. Әкесі тепе-теңдігін жоғалтып, басын батарейге соққан. Есін жоғалтып, орнынан тұрмақ болған. Алайда зейнеткер алған жарақаттарынан есін жимастан көз жұмған, – дейді № 2 сотының баспасөз қызметінде.
Мұндай қылмыс үш жылға бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Сотталушы мүліктік залалды өз еркімен моральдік зиянды өтеген жағдайда жазадан құтылуы мүмкін. Бұл тармақ ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы бірінші бөлігінің бірінші бөлімшесінде көзделген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, сотталушы сот залынан босатылды.
Әсия Серікова