Павлодарда ашылатын жаңа мектеп қазақ тілінде білім береді
«Достық» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа жайлы мектепте оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин мәлім етті.
– Біз жергілікті тұрғындардың тілектерін ескере отырып, осындай шешім шығардық. Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» ықшам ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80%-дан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте және Тәшенев, Момышұлы атындағы мектептерде, Бөкейхан атындағы лицейде, сондай-ақ ықшам ауданнан тыс жерлерде оқуға мәжбүр, – дейді Қуаныш Қыдыралин.
Бөлім басшысының айтуынша, жаңа жайлы мектеп балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достық» шағын ауданының жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай тудырады.
– Сонымен қатар, көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Мәселен, «Саяжай» ықшам ауданындағы 1200 орынға арналған №21 мектепте қазір 2134 оқушы білім алуда. «Достық» шағын ауданынан балалар келіп оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1020 орынның орнына шамамен 1500 оқушы білім алуда, олардың 917-сі қазақ тілінде білім алады, – дейді ол.
Сарапшылардың болжамы бойынша, өңір мен облыс орталығында қазақ тілінде оқытуға сұраныс тұрақты түрде арта бермек. Соңғы бес жылда екі жаңа мектеп пен үш қосымша ғимарат салынғанымен, жаңа білім беру нысандары бұл тапшылықты толық жоя алмаған. Олардың ішінде тек бір Бөкейхан атындағы мектепте білім беру үрдісі мемлекеттік тілде жүргізіледі.
– Қаладағы 43 мектептің тек 10-ы ғана қазақ тілінде оқытады. 2018 жылдан бері Павлодардағы 15 орыс тілді мектепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды, бірақ бұл мәселені шешуге жеткіліксіз болды. «Достық» ықшам ауданында 1200 орынға арналған жаңа жайлы мектеп тек тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар павлодарлық жас ұрпаққа мемлекеттік тілде білім алуды қолжетімді етуде маңызды қадамы болатынына сенімдіміз, – дейді Қуаныш Қыдыралин.
Айта кетейік, желтоқсан айының соңына дейін «Достық» шағын ауданында қосымша 96 пәтер пайдалануға беріледі, ал келесі жылы 240 пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынады.