Павлодар облысында қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың құқығын қалай қорғайды?

Павлодар облысында қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың құқығын қалай қорғайды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде істі сотқа дейін жеткізбей, мәселені бейбіт түрде шешуге көмек ететін үш қоғамдық бірлестік бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жыл басынан бері аталмыш қоғамдық бірлестіктерге тұтынушылардан 59 өтініш түсті. Олардың басым бөлігі бөлшек саудаға қатысты болып шықты – 38 өтініш, төртеуі автокөлікке, ал сегіз жағдай тұрмыстық қызметтерге қатысты болды. Оның ішінде 11 өтініші қанағаттандырылды – жетеуі сотта, ал төртеуі сотқа дейін. Нәтижесінде қоғамдық бірлестіктердің көрсеткен көмегінің арқасында облыс тұрғындарына екі миллион теңгеден астам сома қайтарылды.

Үш бірлестігінің бірі – «МИР» медиация және құқық орталығы» қоғамдық бірлестігі Ак. Сәтбаев көшесі, 71 мекенжайында орналасады.

Біз сотқа дейін тұтынушылардың дау дамайларын шешуге тегін түрде тырысамыз. Білікті медиатор мамандар заңгерлік кеңес беріп, қиын мәселе, не болмаса екі тарап арасында орын алған түсініспеушілікті бейбіт түрде шешуге бағыттайды. Сондықтан, біздің ұйымның маңызы өте зор деп санаймын,– деді қоғамдық бірлестіктің медиатор-заңгері Әлімбек Ағыбаев.

Медиативті келіссөздер дауды сотқа дейін жеткізбей, бейтарап түрде бір келісімге келуге көмек етеді. Жағдай сотқа дейін жетсе де, қоғамдық бірлестіктің медиаторлары заңға қатысты сұрақтардың анық-қанығын білуде қол ұшын созады.

Павлодарда осындай тағы бір қоғамдық бірлестік бар. «Савар» қоғамдық бірлестігі Қайырбаев көшесі, 34 мекенжайында орналасады. Тұтынушылардың құқығые қорғайтын тағы бір бірлестік Екібастұз қаласында бар. Ол Торайғыров көшесі, 25Б мекенжайында орналасады.