Павлодарда ата-аналар альянсы қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті
Кездесуді 1-наурыз Алғыс айту күніне орай ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар сервис және тамақтану колледжінің базасында ата-аналар альянсы білім беру бөлімдерінің, мектептер мен колледждердің өкілдерімен жүздесті. Іс-шараның пленарлық бөлігінде білім басқармасының бас маманы Гүлсім Рамазанова жиналғандарды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады.
Кездесуде облыстық ата-аналар альянсының жетекшісі Данара Шоқаева, «Тәрбие алаңы» жобалық кеңсесінің психологы Валентина Бахтина және колледж басшысы Гүлмира Шұғабаева сөз сөйледі. Ата-аналар және колледж ұжымы сахнада қазақтың салт-дәстүрлері – сәлем беру мен беташарды көрсетті. Колледждің әкелер кеңесінің мүшесі Ғабдолла Иманғалиев ағаш ыдыстарды жасау тәсілдерін паш етті.
Колледж музыкасының оқытушысы домбырада ойнау бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Ал колледж басшысы Гүлмира Шұғабаева қонақтарға табақ тарту дәстүрін көрсетті. Соңында қонақтарға колледж бойынша экскурсия өткізілді.