Павлодар облысына этнографтар экспедициямен келді

Павлодар облысына этнографтар экспедициямен келді
Фото: Сахаба Тілеуберді

Олар жергілікті зиялы қауыммен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодарға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов бастаған делегация келді. Олар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жергілікті ақын-жазушылармен, өлкетанушылармен, студенттермен кездесті. Жиынға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» Астана қаласындағы өкілі Мирас Мұқаш қатысты. 

Жиынды жазушылар одағының өкілі Серік Елікбай ашып, қадірлі меймандардың сапарына сәттілік, ұлт руханияты жолында алға қойған мақсаттарына табыс тіледі. Содан кейін Қасымхан Бегманов экспедиция мүшелеріне арналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың аталған маңызды мәдени-рухани жобаға сәттілік тілеген сәлемін жеткізді. Сөз барысында Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы  ұстанымы, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы халыққа жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облысы әкімдігімен бірлесіп, әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. 

– Құрамында белгілі  этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар мен ақын-жазушылар бар экспедиция мүшелері 2025 жылдың 10 қыркүйек күні Астана қаласынан арнайы көлікпен солтүстік өңірге: Астана-Көкшетау; Қызылжар-Қостанай-Павлодар; Астана-Алматы бағытына қарай сапарға шықтық. Мақсатымыз жергілікті ақын-жазушылармен, өлкетанушы, этнографтармен, зиялы қауыммен танысып, олардың шықпай жатқан кітаптары болса жазушылар одағының қасындағы сараптамалық комиссияға жинау. Содан соң еңбектер іріктеліп, деректі фильм жасалады. Кейін ол материалдар кітап болып шығады. Негізгі мақсатымыз-қазақтың ұмытыла бастаған салт-дәстүрін жаңғырту болып саналады, – деді ақын, журналист, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Жастар Одағы сыйлығының және халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қасымхан Бегманов. 

Экспедициялық топ мүшелері Баянауыл ауданы, Ескелді шатқалына ат басын бұрып, Мәшһүр Жүсіп әулиенің басына зиярат жасап қайтыпты. Ал осыған дейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарын аралап, аталған өңірлердің зиялы қауымымен кездесіп, тарихи-мәдени мұраларын жинап келді.