Павлодарда ата-аналарға және педагогтарға арналған кеңес беру кабинеті ашылды

Павлодарда ата-аналарға және педагогтарға арналған кеңес беру кабинеті ашылды
Суретті өңірлік психологиялық қолдау орталығы ұсынды

Өз мектебінде психологқа жүгіну мүмкіндігі болмағандар тікелей кеңес ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірлік психологиялық қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Жанар Сматаеваның мәліметінше, қалалық білім беру басқармасының жанынан өңірлік психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді.

Орталықта білікті мамандар балалар мен олардың ата-аналарына тегін көмек көрсетеді.

– Біз білім беру процесінің барлық қатысушыларына көмек көрсетеміз. Негізгі мақсат – жергілікті деңгейде психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру, білім алушыларға, тәрбиеленушілерге, педагогтарға, ата-аналарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, – дейді Жанар Сматаева.

Сонымен қатар, психологтарды көмек керектерге әртүрлі санаттарымен тиімді жұмыс істеу үшін қажетті біліммен, құралдармен және ресурстармен қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың кәсіби құзыреттерін дамыту көзделген.

Орталық психологтармен, әлеуметтік педагогтармен, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, сынып жетекшілерімен тікелей жұмыс істейді.

–  Орталықта балаларға, ата-аналарға және педагогтарға арналған кеңес беру кабинеттері ашылды. Егер бала немесе ата - ана әртүрлі себептермен өз мектебінде психологқа жүгінгісі келмесе немесе ондай мүмкіндігі болмаса, тікелей кабинеттің көмегіне жүгіне алады, – дейді ол.

Консультациялар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді шешу үшін кеңес құруға көмектесетін семинарлар, тренингтер үнемі өткізіліп тұрады.

Айта кетейік, орталық сенбі мен жексенбіден басқа күн сайын жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда (төтенше жағдайларда) психологтар сенбі күндері кеңес бере алады.

Аталмыш орталық Қамзин көшесі, 20/1 мекенжайы бойынша орналасқан. Жазылуға арналған телефон: 8(771) 853-52-94.