Асайын Байханов зағиптар қоғамының орнына үй салу туралы қауесетті жоққа шығарды

Асайын Байханов зағиптар қоғамының орнына үй салу туралы қауесетті жоққа шығарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір басшысы билік өкілдерінің ниеті өзгермегенін аңғартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Зағиптар қоғамының ғимараты орналасқан жерде, жоспарланғандай, мектеп салынады. Мұны облыс әкімі нақты растады. Бұл білім беру мекемесі Усолка шағын ауданындағы мектептерге түсетін жүктемені азайту мақсатында қажет.

Асайын Байхановтың айтуынша, мектеп салу жобасы облыс орталығының бас жоспарына енгізілген. Сондықтан бұл аумақта көпқабатты тұрғын үй салу туралы сөз болуы мүмкін емес.

Біз бұл нысанды тек келісіп қойған жоқпыз, оны едәуір сомаға сатып алдық. Зағиптар қоғамына баламалы ғимарат ұсындық, қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуі үшін қоғамдық көлік ұйымдастырылды. Келіссөздер кезінде өзім жеке кездестім. Өз тарапымыздан барлық міндеттемелерді орындадық – олар жаңа ғимаратқа көшіп кетті, қазіргі таңда жаңа жағдайдағы мекемеде жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, қосымша жабдықтар да сатып алынды, – деді өңір басшысы.

Қазіргі таңда мектеп жобасы талқылау мен бекіту кезеңінде. Шамамен шілде айының ортасында мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс.

Мектеп 1200 орынға есептелген, Достық шағын ауданындағы мектеп секілді. Бұл №25 және №42 мектептердегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Біздің ниетіміз ашық, жоспарымыз әділ. Жалғыз шешілмеген мәселе – қаржыландыру көзі. Мектептің құны бюджетке шамамен 8 миллиард теңгеге түседі, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Жаңа мектеп «Жайлы мектеп» атты республикалық жоба аясында жүзеге асырылмақ.

«Жайлы мектеп» жобасына өтінімдер қабылданған кезде бізде мектепке арналған жер де, жоба да болмаған. Сондықтан өтінім беріп үлгермедік. Биыл жоба аяқталады, ал келесі жылы оны жалғастыру жоспарланбаған. Демек, мәселе қаржының жоқтығында емес, – деп түсіндірді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеген жағдайда, мектепті облыс өз күшімен салатынын айтты. Бұл жағдайда құрылыс жұмыстары екі жылға созылады.