Павлодар облысының дарынды оқушыларына құрмет көрсетілді
Салтанатты рәсім «Достық үйінде» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Дарынды жастармен кездесуге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, білім мен ғылымда жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға алғысын білдірді.

Биыл Ертіс-Баян өңірінің оқушылары республикалық және халықаралық білім додаларында 307 медаль жеңіп алып, өңірдің көшбасшылық орнын тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның ішінде 56 халықаралық, 251 республикалық марапат бар. Атап өтетін болсақ, 56-алтын, 86-күміс,109-қола медаль.
Өңір басшысы жастарды құттықтап, олардың жетістіктері тек жеке табыс емес, бүкіл Павлодар облысының мақтанышы екенін атап өтті.
– Бүгін осы залға өңіріміздің ең дарынды, ең үздік жастары жиналып отыр. Сіздердің халықаралық және республикалық олимпиадалардағы жетістіктеріңіз – қажырлы еңбектің, табандылық пен білімге деген ұмтылыстың нәтижесі. Павлодар облысының білім беру саласындағы жоғары көрсеткіштері сіздердің арқаларыңызда қалыптасып отыр. Бұл – баршамыз үшін зор мақтаныш, – деді Асайын Байханов.

Павлодар облысының әкімі қазіргі заманда білім мен технологияның қарқынды дамып жатқанын атап өтіп, жастардың тек білімді ғана емес, тәрбиелі әрі жауапты азамат болып қалыптасуы маңызды екенін алға тартты.
– Жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктер қаншалықты маңызды болса, адамгершілік құндылықтар да соншалықты маңызды. Эмпатия, жауапкершілік, әділдік, туған елге деген сүйіспеншілік – әр жас бойында болуы тиіс қасиеттер. Сіздер ең үздік оқушылар ғана емес, өзгелерге үлгі болатын азаматсыздар, – деді өңір басшысы Асайын Байханов.

Кездесуде оқушылар атынан халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері сөз сөйлеп, жастарға көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыстарын жеткізді.
– Бүгінгі құрмет біз үшін үлкен мәртебе. Біздің жетістіктеріміз – ұстаздарымыздың, ата-аналарымыздың және бізге қолдау көрсетіп отырған мемлекеттің ортақ еңбегінің нәтижесі. Бізге артылған сенімді ақтау үшін алдағы уақытта да аянбай еңбек етеміз. Алдағы уақытта Литва мемлекетінде өтетін халықаралық олимпиадада еліміздің көк байрығын желбіретемін деп уәде етемін, – деді дарынды ер балаларға арналған білім-инновация лицей-интернатының оқушысы, биология пәні бойынша халықаралық және республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Ерсұлтан Қайркен.
Оқушылар халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын көтерудің үлкен жауапкершілік екенін айтып, ел намысын қорғау жолында бар күш-жігерін салуға дайын екендерін сөз етті.
Павлодар облысының білім беру басқармасының мәліметінше, аймақта оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған тиімді жүйе қалыптасқан. Соның нәтижесінде павлодарлық оқушылар халықаралық білім додаларында тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Атап айтқанда, халықаралық олимпиадаларда өңір намысын қорғаған оқушылар химия, математика және биология пәндері бойынша алтын, күміс және қола медальдарға ие болды. Францияда өткен қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиадада, Сочиде ұйымдастырылған халықаралық биология олимпиадасында және басқа да беделді жарыстарда павлодарлық оқушылар жеңіс тұғырынан көрінді.
Салтанатты жиын соңында халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарған оқушылар Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Әрі қарай концерт Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайының арнайы дайындалған шығармашылық нөмірлерімен жалғасты.