Павлодарда аудармашы жазушының кітаптарын басып шығару мүмкіндігі талқыланды
Ахат Жақсыбаевтың жасаған еңбегі туған жерінде ұлықталуға әбден лайық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ахат Жақсыбаевтың жұбайы Клара Жақсыбаевамен кездесті.
Павлодар қаласының тумасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ахат Жақсыбаев өзінің шығармашылығымен қазақ әдебиетінің қалыптасуына елеулі үлес қосты.
2010 жылы көрнекті ақын-импровизатор Иса Байзақовтың өмірі туралы «Иса ақын» атты романы жарық көріп, 2012 жылы «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығына ие болды.
Атақты жерлесіміздің жасаған еңбегі туған жерінде ұлықталуға әбден лайық екені сөзсіз. Асайын Байханов Клара Жақсыбаевамен жазушының артында қалған мұрасын сақтауға жәрдемдесу, оның кітаптарын басып шығару және оларды өңір кітапханаларының қорына беру мүмкіндігін талқылады.