Павлодарда баянауылдық композиторға арналған көрме өтеді

Павлодарда баянауылдық композиторға арналған көрме өтеді
Фото: pexels.com

Жүнісбек Шаймерденов ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекше мәнерімен танымал болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында, 7 желтоқсанда әнші, композитор Жүнісбек Шаймерденовтың 105 жылдығына орай  «Жан шуағы»  атты кеш ұйымдастырылады. 

Жүнісбек Шаймерденов 1918 жылы Баянауыл ауданының Жосалы савхозына қарасты Есен ауылында дүниеге келген. Әнші көптеген әндер мен өлең-жырлардың авторы. «Батыр қыз», «Мәншүк», «Сабындыкөл вальсі» әндері мен «Ақылды адам», «Есен тентек», «Қорлан», «Болат пен Марат», «Мәңгі жаса ұлы той», «Алтын заң» өлең-поэмалары бар. 

– Ол халық әндері мен халық композиторларының әндерін өте шебер орындаған. Әсіресе Біржанның «Жанбота», «Адасқақ», Жаяу Мүсаның «Хаулау», «Гаухар қыз», Естайдың «Бір мысқыл», «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Қорлан», Жарылғапбердінің «Шама», Мәшхүр Жүсіптің «Адамның сегіз мүшесімен қоштасу»  әндерін ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекше мәнерімен орындаған, – делінген хабарламада. 

Өзінің ізденушілігі мен еңбекқорлығының арқасында гармон, баян, пианино, мандолин, қобыз, скрипка аспаптарында өте шебер ойнаған музыкант. Өнер жолында талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз. 

Баянауыл өңірінде қазақ мектеп, интернатында, балалардан оркестр ұйымдастырып, ән-күйден сабақ берген.Ұлттық өнерді дамытудағы еңбегі лайықты бағаланып, көркем өнерпаздар үйірмелеріне жақсы және шебер басшылық жасағаны үшін 1950 жылғы  Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиуымның Указы бойынша Грамотамен марапатталды. 

Шарада Мизан Жұмәлі, Назымгүл Шапағаттың орындауында  әсем әндер шырқалады. Сонымен қатар, кеште жәдігерлерден көрме қойылады. Кешке туған туысқандары қатысады.