Баянауылда өңірлер арасындағы сыйластықты танытатын көрме ашылды

Баянауылда өңірлер арасындағы сыйластықты танытатын көрме ашылды
Фото: визит-орталықтан

Құнды жәдігерлер визит-орталықтың төрінен орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданындағы «Сарыарқа сыры» визит-орталығында «Баянауылға баянды тарту» көрме-бұрышы ашылды. Мұнда еліміздің түрлі өңірлерінен ауданға табысталған кітаптар мен естелік бұйымдар топтастырылған.

Экспозицияға Абай облысынан «Киелі Абай елі», Маңғыстау облысынан жеткен «360 әулиелі Маңғыстау» арнайы басылымы және Астанада тұратын баянауылдықтар ұсынған «Астана-Бәйтерек» мүсіншесі қойылды.

«Киелі Абай елі» кітабы шолу бағытында әзірленген. Онда Семей қаласы мен Абай облысының аудандарындағы негізгі тарихи және көрікті орындар қамтылған. Үш тілде жарық көрген альбомда өңірдің тарихи-мәдени мұрасы туралы мәліметтер берілген.

Ал «360 әулиелі Маңғыстау» кітабы ғылыми еңбек ретінде дайындалған. Басылымда Маңғыстаудың діни, рухани және тарихи мұрасы, қасиетті орындары, жерасты мешіттері мен тарихи ескерткіштері туралы зерттеу материалдары жинақталған. Кітапты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахат Қосбармақтың Баянауылда өткен жыр кешіне келген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов табыстаған.

Көрме төрінен Түркістан делегациясы сыйға тартқан «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» кітабы мен Тайқазанның шағын макеті де орын алды. Мүсіншені Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы сыйлады.

Ал «Астана-Бәйтерек» мүсіншесін Астана мен Қосшы қалаларында тұратын баянауылдық азаматтар ұсынған. Бұл тарту жақында Қаныш Кемеңгерұлының 130 жылдығына орай Қосшы қаласының ардагерлер ансамблі Баянауылда концерт қойған кезде табысталған.

Баянауыл аудандық әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Таукенованың мәліметінше, тұрақты экспозиция дәл осы тартулардан жинақталады. 

– Бұл сыйлықтар өңірлер арасындағы өзара құрмет пен бауырластықты нығайтып, рухани байланысты арттыруға ықпал етеді. Сондықтан оларды тұрғындар мен туристер еркін көре алатын «Сарыарқа сыры» визит-орталығына орналастырдық, – деді ол.

Еске сала кетейік, «Сарыарқа сыры» визит-орталығы осы жылдың шілде айында ашылды. Мекеме Баянауыл өңірінің туристік әлеуетін арттыруға, тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға және келушілерге сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.