Павлодарда белгілі ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың мерейтойына орай концерт өтеді

Павлодарда белгілі ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың мерейтойына орай концерт өтеді

Концерттің бас дирижері ақынның немересі Әлихан Ыдырысов болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

19 сәуір күні сағат 15:00-де Торайғыров университетінің залында Ертіс-Баян өңірінің тумасы, халқымыздың біртуар ақындарының бірі, әнші, көркем аудармашы, өнер қайраткері Қабдыкәрім Ыдырысовтың 95 жылдық мерейтойына орай «Қайдасыңдар, достарым!» атты концерттік кеші өткізіледі. 

Концертке жетекшілік ететін – ақынның немересі «Астана-Опера» опера және балет театрының дирижёрі, хормейстер, музыкалық редакторы Әлихан Ыдырысов. 

- Бұл концертті беру туралы ұзақ ойланып жүргенмін. Енді міне, атамның 95 жылдығында концерт беріп, оның халық арасында кең тараған, халық білетін әндерін ұсыну мүмкіндігі туды. Ол әндердің бәрі туған жеріне деген махаббатынан шыққан. Мен концертте көрерменге соны жеткізгім келеді, - деді Әлихан Ыдырысов.

Концерттік кеште көрнекті ақынның сөзіне жазылған «Баянауыл вальсі» (әні - Нұрғиса Тілендиевтікі), «Қайдасыңдар, достарым» (әні Әбілахат Еспаевтікі), «Келші, келші, балашым» (Ескендір Хасанғалиев), «Туған жер – Павлодарым» (әні Әсет Бейсеуовтікі), «Қарқаралым» (әні Шәмші Қалдаяқовтікі) секілді танымал әндері шырқалады.

 Барлық әндер немересі Әлихан Ыдырысовтың өңдеуінде шырқалатын болады. 

Әлихан Ыдырсов өзінің атасын көрмегенін айтады. Өйткені, атасы 50 жасында дүниеден озған. Ал, концерттерде атасының сөзіне жазылған әндер шырқалғанда мақтаныш сезімде отыратынын жасырмады. 

- Алматыда атамның атында мемориалдық тақтасы ашылған болатын. Соған барып жүргенде, анамның үйінде отырып, жұбайым Жазира Нұржауыпова атамның туған жерінде концерт өткізу туралы сөз қозғады. Содан іске кірісіп кеттік. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қаласында да концерт беруді жоспарлап отырмыз, - деді ақынның немересі.

Айта кетейік, Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы 27 тамызда қазіргі Ақтоғай ауданының  қазіргі Өтес ауылында дүниеге келген. Ақынның 30-дан астам астам кітабы жарық көрген.

Қабдыкәрім Ыдырысовтың туған жері - Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында ақын атындағы орта мектеп бар, шығармашылығына арналған дербес музей жұмыс істейді. Павлодар қаласында өзі оқыған педагогикалық колледж ғимаратында Қ.Ыдырысовтың мемориалдық тақтасы орнатылған және облыс орталығында Қ.Ыдырысовтың атына көше берілді (бұрынғы Зыряновская).

Фото: Есенжол Исабек