Екібастұзда депутат мектепке 20 домбыра сыйлады

Екібастұзда депутат  мектепке 20 домбыра сыйлады
Фото: Дәлназ Серікбай

№35 гимназия-мектебінде қазақ тілі мұғалімі Виктория Қожамбердинаның бастамасымен домбыра кабинеті ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Кабинеттің ашылуына орай өткізілген салтанатты жиынға оқушылар мен ұстаздар, қала тұрғындары қатысты. Ең әуелі жаңадан ашылған сыныптың лентасы қиылып, шашу шашылды. 

Аталмыш рәсімді ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай мен білім беру қызметкерлерінің қалалық кәсіподағы төрағасы Әлима Рахымжанова жасады.

Домбыра – халқымыздың ұлттық құндылығы. Еліміздің әр азаматы осы құндылықтарымызды білуі тиіс. Бұл аксиома өскелең ұрпақтың жадына жас кезінен сіңірілуі қажет. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде домбыра үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда оқушылар арасында домбыраға, ұлттық ойындарға деген қызығушылық жоғары екендігі қуантады. Халқымыздың төл мәдениетімен танысқысы келетін барша қауым үшін кабинетіміздің есігі айқара ашық, – дейді Виктория Қожамбердина.

Мәдени шарада қаланың күміс көмей әншісі Жомарт Қабыкенов қонақтарды домбыра аспабының төрт түрімен таныстырды. Ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосу мақсатында ашылған кабинет қазақ күйшілері, жерлес композиторлар туралы стендтермен жабдықталған. Домбыралар мен көнеден келе жатқан ұлттық аспаптар кабинеттің мәнін ашып, сән-салтанатын келтіріп тұр. Домбыра кабинеті алдағы уақытта осынау ұлт болмысын сақтап, рухани құндылықтарымыздың арқауы үзілмеуіне дәнекер болар өнерлі дарабоздар дайындауда жұмысын жалғастырмақ.

Кабинетті ашуға демеушілік еткен кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов Виктория Қожамбердина жетекшілік ететін «Асыл мұра» үйірмесінің жеткіншектеріне 20 домбыра сыйға тартты.  

Шара соңында мектеп директоры Нұргүл Жаналиева рухани мұрамыздың жаңғыртуға, ұлттық өнеріміздің дәріптелуіне үлес қосып жүрген, домбыра кабинетінің ашылуына қолұшын созған азаматтарға Алғыс хат  табыстады.