Кәсіпкерлерге үш жылдық мораторий не береді? Павлодарлық сарапшы пікір білдірді
Қазақстанда шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу ұсынылды. Павлодарлық кәсіпкер бұл бастаманы қолдай отырып, мемлекеттік бақылау жүйесін де жетілдіру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының басшысы Ерлан Тоқтушақов жаңа бастаманың өңірдегі бизнес өкілдері үшін маңызына тоқталды. Оның пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл шешім кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Өйткені қазіргі таңда бизнес иелері өндіріс шығындарының қымбаттауы, қаржыға қол жеткізудегі қиындықтар және түрлі әкімшілік кедергілермен бетпе-бет келіп отыр.

– Мемлекет басшысының бастамасын оң бағалаймын және толық қолдаймын. Бұл кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда мораторий тек тексерулерді уақытша шектеумен аяқталмауы керек. Мемлекеттік бақылау жүйесін де жетілдірген жөн. Негізгі назар заң бұзушылықтардың алдын алуға, түсіндіру жұмыстарына және адал кәсіп иелерін қолдауға аударылуы тиіс, – деді Ерлан Тоқтушақов.
Жаңа тәртіптің тиімділігі экономиканың түрлі бағытында, әсіресе, аграрлық секторда байқалуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл шара ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың дамуына оң ықпал етуі ықтимал.
Ерлан Тоқтушақов ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мәртебесіне қатысты мәселені де көтерді. Оның айтуынша, бірнеше дербес фермерлік шаруашылықты біріктіретін мұндай құрылымдарды шағын немесе микробизнес санатына жатқызу кезінде олардың өзіндік ерекшеліктері ескерілуі қажет.
– Ауыл шаруашылығы кооперациясының өзіндік ерекшелігі бар. Кооператив бірнеше жеке фермерлік шаруашылықты біріктіреді. Сондықтан оның санатын анықтаған кезде жалпы экономикалық көрсеткіштермен қатар кооперативтік қызметтің сипатын да ескеру қажет. Бұл біріккен фермерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне оң ықпал етер еді, – деп толықтырды ол.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2020–2023 жылдары шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулерге мораторий қолданылған болатын. Бұл шара әсіресе пандемия кезінде бизнеске қолдау көрсету мақсатында енгізілді.
– Бұрынғы тәжірибе бойынша бақылауды уақытша тоқтату бизнестегі барлық түйткілді жоя алмайтынын көрсетті. Сондықтан мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіріп, артық әкімшілік кедергілердің қайта пайда болуына жол бермеу маңызды, – деді Ерлан Тоқтушақов.
Сарапшының пайымынша, бастаманың нәтижесін тек тексерулер санының азаюымен бағалау жеткіліксіз. Оның тиімділігі іскерлік белсенділіктің артуынан, инвестиция көлемінің өсуінен, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан және отандық өндірістің өркендеуінен көрінуі тиіс.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды. Аталған шектеуді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізу мәселесін Үкімет пен Құрылтай депутаттары бірлесіп талқылауы қажет.