Павлодарда болашақ металын өндіретін жандардың мерекесі аталып өтті

Павлодарда болашақ металын өндіретін жандардың мерекесі аталып өтті
Фото: Константин Шелков

Металлургтер күні – өңірдегі ең маңызды кәсіби мерекелердің бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ үшін бұл күн сала қызметкерлерін құттықтаумен қатар, металлургия мен ел экономикасының дамуына күн сайын өз үлесін қосып жүрген жандарды ұлықтауға мүмкіндік болды.

Мерекелік іс-шара Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Фойеде қонақтарды ERG алюминий дивизионының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырған интерактивті кинозал қарсы алды. Заманауи мультимедиялық технологиялардың көмегімен келушілер зауыттардың қалыптасу жолын, Экологиялық стратегия аясындағы іс-шараларын, негізгі әлеуметтік жобаларын, өңірде бой көтерген нысандарды тамашалап, отандық алюминий өнеркәсібінің даму кезеңдерімен танысты.

Салтанатты жиынның басты бөлігі – кәсіпорындардың үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды.

30-дан астам маман Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Өндіріс саласындағы сіңірген еңбегі үшін», «ERG еңбек даңқы», «ERG-ге адалдығы үшін» төсбелгілерімен, Алюминий дивизионы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, оларға «Еңбек даңқы» бірінші, екінші және үшінші дәрежелі наградалары табысталды.

Әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған Алюминий дивизионының басшысы және «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның бас директоры Владимир Красноярский металлургияның өңір мен ел өміріндегі айрықша рөлін атап өтті.

– Павлодар қаласы мен облысы талай металлургтерді тәрбиелегені ешкімге құпия емес. Бұл мереке мыңдаған отбасын біріктіреді. Біз жақын арада глинозем мен алюминийден бөлек, қазіргі заманғы индустрияда кеңінен сұранысқа ие галлий өндіруді бастаймыз. Бұл Қазақстанның металлургия саласының дамуындағы жаңа кезең болады, – деді Владимир Красноярский.

Марапатталғандардың бірі – Павлодар алюминий зауытының энергия-электр цехының слесарь-сантехнигі Василий Арефьев. Ол кәсіпорында 26 жылдан бері еңбек етіп келеді.

– Еңбек жолымды монтажшы болып бастадым. Кейін басшылықтың шешімімен слесарь-сантехник мамандығын меңгердім. Тіпті тракторшы болып та жұмыс істедім. Әртүрлі міндеттерді қатар атқару маған мол тәжірибе жинауға және өндірістік үдерісті тереңірек түсіну үшін бірнеше мамандықты игеруге мүмкіндік берді. Қазір шлам алаңында слесарь-сантехник болып жұмыс істеймін. Бұл – өндірістегі маңызды учаске. Себебі біздің жұмыс тоқтаса, зауыттың да жұмысы тоқтайды, – дейді Василий Арефьев. – Бүгін маған «ERG-ге адалдығы үшін» төсбелгісі мен дивизион басшысының Алғыс хаты табысталды. Әрине, еңбегімнің еленгені қуантады. Отбасым бұл марапатқа қуанып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Әріптестерім де таңертеңнен бері құттықтап жатыр. Осындай қолдау мен мойындау мен үшін өте маңызды. Бұл біздің біртұтас команда екенімізді дәлелдейді.

Осындай оқиғалар – өндірістегі табыстың әр қызметкердің күнделікті жауапкершілігі мен адал еңбегінен құралатынының айқын дәлелі.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ қойма логистикасы және қорларды басқару бөлімінің жоспарлау және қорларды басқару жөніндегі менеджері Гүлнар Каменова кәсіпорында 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның бақылауында кәсіпорынның барлық тауарлық-материалдық құндылықтарының айналымы мен отызға жуық қойманың жұмысы бар.

– Менің ойымша, біздің салада жұмыс істеу үшін тәртіптілік, жауапкершілік және сандарды жақсы көру қажет. Қорларды басқару мұқияттылық пен нақты есепті талап етеді. Металлург күні мен үшін ең алдымен кәсіби мереке және өз ісіме деген мақтаныш сезімі. Әсіресе, кәсіпорынның жыл сайын өз қызметкерлерін марапаттайтыны қуантады, – дейді кейіпкеріміз. – Бұл біз үшін маңызды әрі қуанышты дәстүрге айналды. Ірі кәсіпорынның бір бөлшегі болып, оның дамуына өз үлесіңді қосып жатқаныңды сезіну ерекше әсер сыйлайды.

Марапаттау рәсімі барысында көрермендерге алюминий мен галлий басты нышанға айналған «AlGa, металлург!» атты жарқын жарық және музыкалық шоу ұсынылды.

Мұнда қазақстандық металлургияның тарихы мен болашағы, адам таланты мен заманауи цифрлық технологиялар тоғысты. Сахналық эффектілер, әртістердің хореографиялық қойылымдары, сондай-ақ шақырылған өнерпаздар мен зауыт қызметкерлерінің әсерлі вокалдық өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Көрермендер үшін жағымды тосынсыйлардың бірі Павлодар алюминий зауытының энергия-электр цехының №1 учаске бастығы Рафаэль Мұхамеджановтың өнер көрсетуі болды. Ол металлургтердің бейресми әнұраны саналатын «Когда весна придет» әнін рок стилінде орындады. Ал «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ қызметкерлері бірлесіп атақты «Queen» рок тобының «The Show Must Go On» әніне кавер орындап, қиындыққа мойымайтын, жігерлі әрі қайсар металлургтердің болмысын паш етті.

Мерекенің басты қонағы әрі жұлдызы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева болды. Ол металлургтерді құттықтай отырып, Павлодарға әрдайым ерекше ықыласпен келетінін және бұл қаланың жүрегінен айрықша орын алғанын айтты.

– Бұл қала мені әр келген сайын өзінің әсемдігімен, тазалығымен, мәдениетімен және қонақжайлығымен таңғалдырады. Сіздер бұл қаланы мақтан тұта аласыздар. Мен Қазақстан – жүзден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ең бейбіт ел деп мақтанышпен айтамын. Бүгінде біз Жаңа Қазақстанды бірге құрып жатырмыз, ал бұл жолда металлургтердің рөлі ерекше. Олар – өз ісінің нағыз кәсіби мамандары әрі рухы мықты жандар, – деді танымал әнші.

Оның айтуынша, жастық шағында «Металл өндірейік!» деген ұран кеңінен айтылатын. Бұл сөздер бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ, өйткені металлургиясыз еліміздің дамуын елестету мүмкін емес.

– Сіздер – еңбектің нағыз батырларысыздар. Күрделі де жауапты еңбектеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді Роза Рымбаева. 

Бұл мереке тағы бір мәрте металлургияның басты құндылығы заманауи технологиялар мен өндірістік жетістіктер ғана емес, ең алдымен адамдар екенін көрсетті. Дәл осы жандар күн сайын ұшақтармен көкке көтерілетін, теміржол бойымен жүйткіп, заманауи автокөліктердің бөлшегіне айналатын, ғарышты игеруге мүмкіндік беретін және болашақ технологияларының негізін қалайтын металды өндіреді. Олардың адал еңбегінің арқасында Павлодар еліміздің басты өнеркәсіптік орталықтарының бірі мәртебесін абыроймен сақтап келеді.