Павлодар жастары актерлермен ашық форматта кездесті
«Jastar Talk» жобасын тұрақты форматта өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры актерлерінің қатысуымен «Jastar Talk: Сахна сырлары» атты жастар кездесуі өтті.
Кездесудің қонақтары актерлер Шұғыла Ешенова мен Ернар Амандықов болды. Іс-шараға жүзден астам жас қатысты. Кездесу еркін әңгіме форматында ұйымдастырылды.

Әңгіме барысында актерлер өнер жолына қалай келгендері, мансаптарының басында қандай қиындықтарға тап болғандары, театрдағы репетициялар мен кино түсірілімдерінің қалай өтетіні туралы айтып берді. Сонымен қатар қонақтар сахналық толқу, көрермен назары мен хейтпен жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, медиа саласында да адам өз болмысын сақтап, шынайы болғаны маңызды.

Кездесуге қатысушылар театр, кино және актерлердің жеке өмірі туралы белсенді түрде сұрақтар қойды. Жастар қонақтардың шығармашылық жолына, алғашқы рөлдеріне және сахна сыртындағы жұмысқа қызығушылық танытты.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін көптеген қатысушылар актерлермен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Jastar Talk: Сахна сырлары» жобасы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізу жоспарланған.