Қауіпті жағдайда тұрған: Павлодарда балалар отбасыларынан айырылды

Қауіпті жағдайда тұрған: Павлодарда балалар отбасыларынан айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде уәкілетті органдарда есепке алынбаған қолайсыз отбасылар анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Бұл туралы облыс прокурорының кәмелетке толмағандар құқықтарының заңдылығын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі Ирада Жүсіпова мәлім етті. 

Облыс прокуратурасының бастамасымен өңірде мамыр айы профилактика айлығы болып жарияланды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Айлық аясында 4,5 мыңнан астам әртүрлі санаттағы – қолайсыз, толық емес, асырап алушы, есепте тұрған өгей әкелерімен бірге тұратын отбасылар тексерілген.

– Балалардың қолайсыз жағдайда тұруы, ата-аналарының мас күйінде болу фактілері анықталды. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 18 адам, яғни ата-аналар, заңды өкілдер жауапкершілікке тартылды, – деді Ирада Жүсіпова.

Бұл ретте, өмірге қауіп төндіретін жағдайда тұрған бес бала отбасыларынан айырылған. Мәселелер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың қарауына шығарылды. Сондай-ақ, ата-ана құқықтарын шектеу туралы талап-арыздар басталған. 

Оған қоса, Павлодар қаласында қолайсыз отбасын пысықтау кезінде пәтерде анасы мен кәмелетке толмаған екі  бала тұратыны анықталған.  Олармен бірге пәтерде мас күйінде бөтен адам болған. Оның айтуынша, ол балаларды арасында қарайласып тұрады. Аталған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Отбасы ішкі істер органдарында есепке қойылып, бақылауға алынған.

– Сондай-ақ, Павлодар ауданында екі бала бірнеше күн мектепке бармаған.  Ата-аналары алкоголь сусындарын ішкен. Бұл мәселе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына шығарылып, отбасы ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды, – деді спикер.   

Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау прокуратура органдарының қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. 

Ол үшін облыс аумағында прокурорлар «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асыруда. Негізгі мақсат – балалардың құқықтарын бұзу, зорлық-зомбылық, оларға қатыгездік, оның ішінде тұрғылықты жерлерінде жасырын болу фактілерінің алдын алу, жолын кесу, сондай-ақ жедел ден қою және тиісті шаралар қабылдау.

Аталмыш жұмыстардың негізгі міндеттерінің қатарына отбасылардың проблемалық мәселелерін анықтау, құқықтық көмек көрсету, мемлекеттік көмек көрсету жатады. Алдын алу айлығы шеңберінде бұрын уәкілетті органдарда есепке алынбаған қолайсыз отбасылар да анықталған.