Павлодарда бүлдіршіндерді кезекке тұрғызу жеңілдетілді
Өтініш берген кезде төрт мекемеге дейін таңдауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық білім беру бөлімі мектеп алды оқыту және тәрбиелеу секторының меңгерушісі Гүлбаршын Алтыбасарова мәлім етті.
– Ағымдағы жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша автоматтандырылған жүйеге бірыңғай кезектілік функциясы енгізілді. Яғни, балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау жаңа форматта өтеді, – дейді Гүлбаршын Алтыбасарова.
Спикердің мәліметінше, жаңа ережелерге сәйкес, баланың ата-анасы немесе заңды өкілі оқыту тілін көрсете отырып, төрт балабақшаға дейін таңдаумен кезекке тұруға өтініш береді. Егер өтініш беруші сауалнамадан өтпеген болса, өтінішті өзгертуі керек.
Балабақшада бос орындар пайда болған кезде бірыңғай база кезектегі алғашқы өтініш берушілер үшін автоматты түрде хабарлама жібереді. Ата-анасынан жауап алмаған жағдайда хабарлама екінші тәулік ішінде қайталанады. Егер бұл хабарламаға жауап болмаған кезде хабарлама келесі өтініш берушіге жіберіледі.
Бүгінгі таңда Павлодар қаласының мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесіне 85 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 73 мемлекеттік балабақша және жалпы білім беретін мектептер жанындағы екі шағын орталық, 10 жеке меншік мектепке дейінгі ұйым кіреді. Олардың жалпы контингенті 17 мыңнан астам тәрбиеленушіден тұрады. 15 жалпы білім беретін мектепте 335 балаға арналған 22 мектепалды сынып жұмыс істейді.
Қала бойынша бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 78 пайызды құрайды. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш екі пайызға өсті. Екі жастан алты жасқа дейін – 89,3 пайыз, 3 жастан 6 жасқа дейін – 100 пайыз.