Павлодар көшелеріне қайтадан «Жеңіс трамвайы» шықты
Бес вагон Мәшһүр Жүсіп көшесі бойымен жүріп өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында «Ulkenge kurmet» жобасы аясында Жеңіс күніне арналған «Жеңіс трамвайы» патриоттық акциясы өтті. Іс-шара мерекенің маңызын еске салу және адамдарға жақсы көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылды.
Бастама қоғамдық көлікте өтті. Шаһар көшелеріне арнайы безендірілген бес трамвай вагоны шықты. Олардың ішінде еріктілер жұмыс істеп, жолаушыларға Жеңіс ленталарын таратты. Сонымен қатар жастар жолаушыларды алда келе жатқан мерекемен құттықтап, бейбітшілік, амандық және бірлік тіледі. Әсіресе, үлкен жастағы адамдарға ерекше көңіл бөлініп, алғыс айтылып, олармен әңгіме-дүкен құрды.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, мұндай формат павлодарлықтардың көп бөлігін қамтуға мүмкіндік береді және олардың күнделікті өміріне кедергі келтірмейді. Жолаушылар жұмысқа, оқуға немесе үйге бара жатып-ақ акцияға қатыса алды. Бұл шараны қолжетімді әрі жанды етіп, трамвай ішінде жылы әрі достық атмосфера қалыптастырды.
– Акция жыл сайын өткізіледі, себебі мұндай формат тұрғындарға ыңғайлы. Адамдар жоспарларын өзгертпей-ақ сапар барысында мерекенің бір бөлшегіне айнала алды. Сонымен қатар, атмосфера жолды жеңілдетіп, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады, – деді облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының волонтерлік орталығының инспекторы Анастасия Легович.
Еріктілердің айтуынша, акцияға қатысу оларға ерекше әсер қалдырған.
– Адамдардың қуанып, күлімдеп, ленталарды алғыспен қабылдағанын көру өте әсерлі. Кейде жолаушылар өздері де құттықтап, жылы сөздер айтты. Бұл ерекше, жанды атмосфера қалыптастырды, – деді өңірлік фронт-офистің еріктісі Рахат Рахманов.
Аталмыш шараға қоғамдық көліктің жолаушылары да бейжай қарамады. Көпшілігі мұндай бастамалар көңіл күйді көтеріп қана қоймай, тарихи күннің маңызын еске салатынын алға тартты.
– Мұндай акциялар мереке алдындағы ерекше атмосфераны қалыптастырады және ортақ тарихпен байланыс бар екенін сезіндіреді, – деді қала тұрғыны Диана Рамазанова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акцияның басты мәні – қарапайым адамдық қасиетті сақтау. Сахнасыз және ресми сөздерсіз, тек шынайы эмоция мен адамдарға көңіл бөлу арқылы мерекенің мағынасын жеткізу.
Айта кетейік, «Жеңіс трамвайы» акциясы шаһарда жыл сайын өткізіліп, қала тұрғындарын біріктіретін жақсы дәстүрге айналған.