Павлодарда электровелосипед пен жеңіл көлік соқтығысты

Павлодарда электровелосипед пен жеңіл көлік соқтығысты
Сурет: Жасанды интеллект

Оқиға салдарынан жарақат алған жасөспірім жедел түрде облыстық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мамыр мен қыркүйек айлары аралығында екі доңғалақты көлік жүргізушілері белсенді болып, олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны да көбейеді. Сондай жағдайлардың бірі жуырда орын алды. 

– Сағат 06:15-те Есенәлиев пен Абай көшелерінің реттелмейтін қиылысында 2010 жылы туған бала «Самурай» маркалы электронды велосипедпен келе жатып, JАС J7 автокөлігімен соқтығысқан, – деді облыстық полиция департаментінде. 

Оқиға салдарынан жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде, ал көлік құралдары айып тұрағына қойылды.

Полиция департаменті ата-аналарға балаларына велосипедпен жүру ережелерін үнемі еске салып, қауіпсіздік шараларын түсіндіруді сұрайды.

Жол-көлік оқиғасынан сақтану үшін, жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты азайтып, мұқият болу керек. Аула аумақтарында рұқсат етілген жылдамдықтан аспаңыз.