Павлодарда миллиондаған айыппұл төлемеген жігіт жаяу жүретін болды
Құқық бұзушыға сот орындаушылары іздеу салған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейд барысында Академик Сәтбаев көшесі бойымен келе жатқан БМВ 745 маркалы автокөлікті тоқтатқан.
– Базаны тексеру кезінде 29 жастағы жүргізушінің төленбеген айыппұлдары бар екендігі анықталды. Жүргізушіні сот орындаушылары іздестірген. Полицейлер оған салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы өтеу туралы түсіндірді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Ол шамамен 11 миллион теңге көлемінде айыппұл төлемеген.
Полиция 4-14 желтоқсан аралығында «Жазаның бұлтартпастығы» қағидатын орындау мақсатында облыс аумағында «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқанын ескертеді. Төленбеген айыппұлдар бойынша 254 борышкермен түсіндіру жұмыстары өткізілді. Бүгінде 6 миллион теңгеден астам айыппұл төленді.
Кибер-шерифтің бейнетіркеу жүйелерімен 149 сәйкестік тіркеліп, көліктер арнайы айып тұрақтарына қойылды. Сол жерден жүргізушілер айыппұлды өтегеннен кейін ғана өз көліктерін қайтара алады.