Екібастұзда кезекте тұрған отыздан астам отбасыға пәтер кілті табысталды

Екібастұзда кезекте тұрған отыздан астам отбасыға пәтер кілті табысталды
Фото: Аяужан Жетес

Олардың қатарында көпбалалы және ұзақ жылдар бойы пәтер кезегін күткен отбасылар бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.

Өңір басшысының айтуынша, халықты әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету – барлық деңгейдегі билік органдарының маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы да бұл бағыттағы жұмыстарды үнемі назарда ұстап келеді.

Соңғы бірнеше жылда Павлодар облысында төрт мыңға жуық пәтердің кілті табысталған. Алайда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны айтарлықтай азаймаған. Бүгінде өңірде 35 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Себебі тұрғын үй алғандармен қатар, кезекке жаңадан тіркелушілердің саны да көп.

– Әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету – біз үшін аса маңызды міндет. Кейбіріңіз баспана кезегін 15 жылдан астам уақыт күттіңіздер. Көрсеткен сабырларыңыз бен төзімділіктеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтардың барлығы жақын арада өз баспанасына қол жеткізсе деймін, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Асайын Байханов алдағы екі жылда Екібастұз қаласында жалпы саны 1700 пәтер болатын бірнеше көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазіргі уақытта құрылыс жобалары әзірленіп, қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Жаңа пәтер иелерінің бірі – Жұлдыз Жұмабаева. Ол баспана кезегінде 13 жылға жуық тұрған. Бүгінде үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болған ол өз қуанышымен бөлісті.

– Осы күнге де жеттік. Аллаға шүкір, өте қуаныштымын. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Отбасымда үш кішкентай балам бар. Сондықтан бұл пәтер біз үшін үлкен жетістік, – дейді Жұлдыз Жұмабаева.

Жаңа баспанаға қол жеткізген отбасылар үшін бұл күн көптен күткен арманның орындалған сәті болды. Ал жыл соңына дейін Екібастұзда тағы 50 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.