«Қазақстан алюминийі» АҚ мен «ҚЭЗ» АҚ қызметкерлері павлодарлықтарға қуаныш сыйлады
Зауыт жұмысшылары Наурыз мерекесіне орай тосын сый жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ кәсіпорындарының көркемөнерпаздары наурыз мерекесіне арналған «Қуаныш» ауылы атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Бұл іс-шараға қалалық таланттар, шығармашылық ұжымдар, әншілер мен бишілер шақырылып, вокалдық, аспаптық, хореографиялық нөмірлерін ұсынды. Зауыт қызметкерлерінің балалары да би билеп, ән айтып, өз қойылымдарын көрсетті.
Онда арнайы концерттік бағдарлама, балаларға арналған ойын-сауық түрлері, киіз үй көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ «Қазақша күрес», «Бес асық», «Қошқар көтеру», «Арқан тарту», «Гір көтеру» сияқты ұлттық ойындар болды.
Қазақ күресіне кәсіпорын балуандары қатысты. Олар күреске ерекше дайындықпен келді. Әріптестері, туыстары мен достары, қарапайым қала тұрғындары қолдау көрсетті.
«Қазақ күресіне» 89 қатысушы қатысты. Сонымен қатар «Jastar Ligasy» еріктілері спорттық іс-шараларды өткізуге көмектесті.
– Жыл сайын Наурыз мерекесін ерекше тойлау дәстүрімізге айналды. Гагарин саябағында қала тұрғындары мен қызметкерлеріміз үшін арнайы концерттік бағдаралама ұйымдастырылады. Ұлттық, спорттық, балаларға арналған анимациялық іс-шаралар өткіземіз. Осындай жарқын, жылы күнде жақын маңдағы үйлерден адамдардың қатысуын көру – жүрегімізгі жылулық ұялатады. Наурыз – жаңарудың, жақсылықтың, көктемнің мерекесі. Айнала – жарқын жүзді адамдарға толы. Өз басым қуаныштымын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық павлодарлықтарды, еліміздің барлық тұрғындарын, аталмыш мерекеге бей-жай қарамайтындардың барлығын көктем мерекесімен құттықтағым келеді. Наурыз құтты болсын! – деді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Александр Клименко.
«Қазақстан алюминийі» АҚ жентектеу цехының бастығы Виталий Голубенко да мерекеге қатысты пікір білдірді.
– Ұжым ретінде сұлулық пен әдемілікке толы көктемгі мерекеге қатысып жатырмыз. Бүкіл әлем оянады, қыс та артта қалады. Ауа райы керемет, көңіл күй – тамаша. Біздің әріптестеріміз қала тұрғындарына, зауыт қызметкерлеріне арналған конкурстарды өткізіп жатыр.
Оның айтуынша, балқыту цехының жұмысшылары да конкурстарға қатысады.
– Мүмкін мен де арқан тартуда бағымды сынайтын шығармын. Ал қазақ күресі енді маған арналмаған, – деп әзілдеді спикер.
Мерекелік бағдарламадан бөлек, ұйымдастырушылар «Наурыз – игі істер айы» акциясы аясында жағдайы төмен отбасыларға арналған шеберлік сағаттар өткізіп, қайырымдылық көмек көрсетті. Бұдан бөлек, жол қызметкерлеріне жылы шай беру сияқты басқа да іс-шараларды ұйымдастырды. Сондай-ақ, зауыт ардагерлер одағы бойынша екі мыңға жуық зейнеткерді есептеп, оларды назардан тыс қалдырмай құттықтады.
– Бүгінгі мерекелік іс-шараны «Қазақстан алюминийі» АҚ ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Кеше де 20 наурыз – Халықаралық ұлттық спорт күні болып тойлатылды. Осы мерекеге орай Майқайың кентінен «Кереге тас» ұжымы келдік. Барлығы жоғары деңгейде өтілуде, – деп бөлісті «Қазақстан алюминий» АҚ филиалы - «Керегетас» әктас кенішінің қызметкері Тілек Хаусел.
Спикер әріптестерінің қазақша күрес, асық ату, қошқар көтеру сияқты ұлттық ойындарды насихаттау мақсатымен келгенін айтты. Майқайың кентінен төрт қатысушы іс-шараның жарыстарына атсалысты.
– Күрес екі салмақ бойынша өткізіліп жатыр. Біз 80 кг-ға дейін – он адам, 80 кг-нан жоғары – он адам болып қатысамыз. Жеңімпаздарға жақсы сыйлықтар беріледі деген ойдамын, – дейді ол.
Қатысушы күрес, футбол сияқты спорттың жан-жақты түрлерімен біраз уақыт бойы айналысып келеді. Бұл жолда ерекше жетістіктері де бар. Сондай-ақ, жиын соңында Тілек Хаусел қазақ күресінен үш мәрте күресіп, бірінші орынға ие болғаны үшін марапатталды.
– Бұл жарқын мерекені бүкіл елмен атап өткеніміз қандай керемет. Бірлік, бақыт пен мейірімділік сезіледі. Жақсы атмосфера, адамдардың бәрі қуанышты, – деп тәмамдады сөзін «Керегетас» кенішінің қызметкері.
Бағдарламада қазақша күрестен басқа ұлттық спорт түрлері көрініс алды. Соның бірі – қыздар арасында жиі ойналатын «Бес асық» ұлттық ойыны.
Мереке барысында аталмыш ойын қатысушысы әрі жеңімпазы София Порфенова өз ойымен бөлісті.
– Ұлттық ойындар маған ұнайды. Ойын түрі негізінен адамның зейініне бағытталған. «Бес асықты» мектепте ойнамасам да, сырттай бақылап жүрдім. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамын, – дейді ол.
«Қазақстан алюминий» АҚ қызметкері, аппарат-гидрометаллургі Нұрбек Адиев «Қошқар көтеру» ойынның ұйымдастырушысы ретінде шарттарымен таныстырды.
– «Қошқар көтеру» ұлттық ойынына он қатысушы тіркелді. Ойын ережесі бойынша, әрбір қатысушы тоқсан дәрежеде жоғары көтеріп тұруы тиіс. Барлығы бес минут беріледі. Ойын қатысушыларының максималды орнатқан рекорд саны – 85 рет. Жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Қатысушылар дән риза, – дейді жиын ұйымдастырушысы, «Қазақстан алюминий» АҚ қызметкері.
Сонымен қатар, «Қазақстан алюминий» АҚ жұмысшысы, гидрометаллургиялық цехтың кран машинисі Ерлан Кибашев бір қолымен зілді көтеру бойынша бірінші орын иеленді.
– Мен бұл спорттың түрімен айналыспаймын. Дегенмен маған ұнайды. Зіл көтеру спорты адам ағзасына оң әсерін береді деп айта аламын. Спортпен шұғылданыңыздар. Мен сексен рет көтеріп, рекорд орнаттым, – дейді зауыт қызметкері.
Айтулы мерекемен Павлодар облысы тәжік мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хусайын Гулов та құттықтады. Ұйымдастырушыларға ерекше алғысын білдірді:
– Көптен күткен Наурыз мерекесі келіп жетті. Халықпен бірге павлодарлықтар мерекені қалай тойлап жатыр деген оймен алаңға шықтық. Барлық адамдар сондай бақытты. Алла қаласа, еліміздің аспаны ашық болып, тату-тәтті өмір сүре берсін. Наурызды осындай керемет көңіл күймен қарсы алып жатырмыз, мерекелік кеш үшін де рақмет, – дейді.
Сондай-ақ, Наурыз мерекесін тойлауға отандастарымыздан бөлек, шет елден келген итальян қонағы қазақ халқы жайлы жылы лебізін айтты. Оның айтуынша, павлодарлықтар – өте қонақжай әрі мәдениетті халық. Оған қазақ халқының мәдениеті ерекше ұнайды. Жиын барысында ұйымдастырушылар өткізген мерекелік кеште қазақ халқының салт-дәстүрімен жақын танысқанын атап өтті.
– Келгеніме үш ай болды. Қазақ халқының тарихына қызығамын. Итальяндық мәдениетіміз сіздерге ұқсамайды. Қазақ халқында бірлік бар. Ұлттық тағамдарыңыз, мерекелік бағдарламаларыңыз және ұлттық ойындарыңыз ұнады, – деді Пауло Капуто.
Бес жасар қызы Әміремен бірге мерекеге «Қазақстан алюминийі» АҚ №1 қойма жұмыстары цехының тиеу-түсіру учаскесінің бастығы Қайрат Сәрсенов келді. Зауытта 20 жыл жұмыс істейді. Бастықтың айтуынша, аталмыш мерекелік іс-шараға жыл сайын туыстарыммен бірге келеді.
– Жыл сайын киіз үй қойылады. Мереке кеңінен тойланады, ересектер үйде дастархан дайындайды. Әйелі де зауытта кран машинисі болып жұмыс істейді. Үлкен қызы, күйеу баласы, ағасы да отбасы болып зауытта қызмет атқарады. Наурыз – көктем, жаңару мерекесі. Баршаңызға денсаулық, бақыт, отбасылық амандық және бейбітшілік тілеймін. Мен мұнда жас маман болып келдім, әйелім екеумізге кәсіпорыннан пәтер берілді, пәтерде қызым тұрады, – деп бөлісті спикер.
«Қазақстан электролиз зауыты» электродтар өндіру цехында 2022 жылдан бастап Әйгерім Темірбаева «ҚЭЗ Jastar Ligasy» кеңесінде тұрады. Мамандығы бойынша ПМУ жылу энергетик-инженері.
Әйгерімнің мәлімдеуінше, зауыттың негізгі цехтарының бірі ретінде анодтар шығарады. Оның негізгі қызметі – технологиялық шикізаттың есебін жүргізу, құжаттармен жұмыс істеу.
– Ұжым мені жылы қабылдады. Концертке қатысуға, би билеуге шақырды. Мен қуана келістім. Өз басым 13 жыл бойы халық және шығыс билерімен айналыстым. Бұдан бөлек, би ансамблінің құрамында болдым. Волейболдан зауыттық құрамада ойнадым. Мен зауыттың әлеуметтік өмірінде барлық жерде болуға тырысамын. Жастар лигасы жиналатын слеттерге, дивизиондық іс-шараларға барамын, – дейді зауыт қызметкері Әйгерім Темірбаева. – Биыл Металлургтер күніне орай мен зауыттан тұрғын үй бағдарламасының қатысушысы ретінде пәтер кілттерін алдым. Екі және төрт жастағы екі ұлым бар. 8 наурызда кәсіпорынның бас директорынан белсенді әлеуметтік өмірі үшін алғыс хат алдым.
Мерекелік бағдарламаның жарыс нәтижелері бойынша, қазақша күрестен 80 кг-нан астам категориясы мен «Қошқар көтеру» атты ұлттық спорт түрлерінен бірінші орынды «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалының «Керегетас» әктас кенішінің жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі темір ұстасы Тілек Хаусел жеңіп алды. Екінші орынға «Қазақстан алюминийі» АҚ инженер-жобалаушысы Нұрасыл Азатбек ие болды. Ал үшінші орынды «Қазақстан алюминийі» АҚ зауытының гидрометаллургиялық цехының аппаратшы-гидрометаллургы Нұрсұлтан Әлбейсен иеленді.
Қазақша күрес 80 келіге дейін категориясы бойынша «Қазақстан алюминийі» АҚ зауытының агломерация цехының қызметкері, аппаратшы-гидрометаллург Александр Миков бірінші орынға, аппаратшы-гидрометаллург Құдас Қайратбек екінші орынға және агломератшы Санат Самкенов ие болды.
Айта кетейік, барлық ниет білдірушілер «Арқан тартыс» пен «Асық ату» ойындарында өз күштері мен дәлдігін тексеріп, сыйлықтарға ие болды.
Жұптық материал