Павлодарда кәсіпкерлерді кассалық машиналарды қайта бағдарламалауға шақырды

Павлодарда кәсіпкерлерді кассалық машиналарды қайта бағдарламалауға шақырды
Фото: pexels.com / Kampus Production

Уақытында жаңартпау фискалдық деректердің бұғатталуына әкеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолданушылардың барлығы міндетті түрде 2.0.3 нұсқасындағы деректерді беру хаттамасына көшуі тиіс.

– Бұл талап фискалдық деректердің үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін енгізілуде. 2025 жылғы 17 қарашадан бастап 2.0.2 нұсқасындағы құрылғылар жұмыс істемейді. Жаңа 2.0.3 хаттамасы екі негізгі өзгерісті қамтиды: тауарлардың Ұлттық каталогына автоматты түрде қосылу және Фискалдық деректер операторы (ФДО) тарапынан БКМ геолокациясын автоматты түрде анықтау, – деді Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының баспасөз қызметі.

БКМ-ді қайта бағдарламалау аппараттық-бағдарламалық кешендерді (АБК) пайдаланатын салық төлеушілер үшін – 2025 жылғы 15 қазанға дейін, ал деректерді тіркеу және/немесе беру функциясы бар электрондық құрылғы (темір касса) түріндегі БКМ қолданатындар үшін – 2025 жылғы 15 қарашаға дейін аяқталу қажет.

– Ауысуды кешіктірмеңіз! Белгіленген мерзімге дейін жаңартпау фискалдық деректердің бұғатталуына әкеледі, – деп ескертті басқарма өкілдері.

Қайта бағдарламалау жұмыстарын жүргізу үшін БКМ әзірлеушілеріне немесе техникалық қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет. Сондай-ақ құрылғының 2.0.3 хаттамасына сәйкес келетініне көз жеткізу үшін ФДО-ға хабарласу ұсынылады.