Дәмді физика: Екібастұз мұғалімі микрожасыл арқылы табиғат заңдарын түсіндіреді

TikTok арқылы микрожасылға қызығушылық танытқан жас маман өсімдіктердің көмегімен оқушыларға физиканы түсінуге жол ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мансұр Қалиев Екібастұз қаласындағы «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейінде сегіз жылдан бері физика пәнінен сабақ береді. Екі жыл бұрын ол микрожасыл өсіруге қызығып, бұл хоббиін оқушыларға да дарытты.
Мансұр Қалиевтің айтуынша, мұғалім мамандығы үнемі жаңа идеяларды іздеуді талап етеді, себебі, олар тек өзіне ғана емес, әріптестер мен балаларға да шабыт беруі керек. Шығармашылық ізденіс барысында ол құмырсқа фермасы жобасын іске асыруға тырысқан, алайда микрожасыл пайда болғаннан кейін ізденіс бағыты өзгерді.
– Тақырыпты тереңірек түсіну үшін арнайы курстардан өттім. Тәжірибе барысында бәрі сәтті шықты, содан кейін бұл істі әрі қарай дамытуға болатынын түсіндім. Өйткені микрожасыл мейрамханалар мен кафелерде кеңінен қолданылады. Біз өз логотипімізді жасап, Instagram парақшасын аштық. Осылайша, жұмыс алға басты. Кейін бұл туралы балаларға айтып бердім, көпшілігі қызығушылық танытты, – дейді ұстаз.
Осылайша мектепте микрожасыл өсіру бойынша жобалар пайда болды. Бірақ бұл тек бастамасы еді. Бүгінде Мансұр Қалиев өсімдіктерді физикалық заңдарды түсіндірудің көрнекі құралы ретінде пайдаланады. Ал оқушылар іш пыстарытан формуласыз Ньютонның тілін түсінеді.
– Физика тәжірибелік ғылым болғандықтан, бұл ғылымның күнделікті өмірде қалай көрініс табатынын көрсеткенді ұнатамын. Микрожасыл өсіру – тамаша мысал. Мұнда жылу және масса алмасу, фотосинтез, жарықтың өсуге әсері процесстері бар. Микрожасыл мен физиканы біріктіру идеясы табиғи түрде келді, біз нақты жоба арқылы физиканы қызықты етеміз, – деп бөлісті мұғалім.
Мұғалімнің айтуынша, алғышқыда «Физика + өсімдік» тіркесі күтпегендей естіледі. Дегенмен уақыт өте келе оқушылар микрожасыл өсіру барысында температура, ылғалдылық, жарық мөлшерін өлшеп, тұқымнан өскіннің пайда болуын бақылауға ерекше көңіл бөле бастаған.
Бүгінде Мансұр Қалиев оқушыларға үдеуді, импульс әрекеттерін түсіндірумен қатар, бұршақ, амарант, шалғам және бидай өскіндерін қалай өсіру керектігін де үйретеді. Болашақта физика кабинетін мини-фермаға айналдыруды көздейді. Онда жарықдиодты шамдар астында жасыл өсімдіктері бар науалар орналастыруды жоспарлап отыр. Осылайша, «динамика заңдары» да тақырыбының мектептегі агробизнес мысалдары арқылы оңай түсіндіріледі.
– Болашақ мини-ферма – бұл кеңістікті үнемдеу және өнімділікті арттыру үшін көпқабатты сөрелер. Таймермен басқарылатын түрлі спектрлі жарықдиодтар орнатылады. Балалар жарық мөлшерін өлшеп, спектр мен қарқындылықтың өсу жылдамдығына қалай әсер ететінін тексере алады. Автоматтандыру үшін ылғалдылық, температура, су деңгейі датчиктері қарапайым бақылауышқа қосылады. Бұл датчиктердің жұмыс принципін және автоматты суару жүйесін зерттеуге мүмкіндік береді, – дейді физика пәнінің мұғалімі.
Алдағы уақытта ол оқушыларымен бірге «Өсім физикасы» атты үйірме ашуды жоспарлап оты. Онда мектеп оқушылары агротехнологиялар бойынша тәжірибелер жүргізіп, LED-жарықтандыру модельдерін есептеп, экзотикалық микрожасыл түрлерін өсіруге тырысады.
Бүгінде Мансұр Қалиев мұғалімдік қызметін хоббиімен ұштастырып отыр. Ал шағын фермасын келешекте заманауи білім мен тәжірибе орталығына айналдыруды армандайды.