Сенімге кіріп алып: Өзбекстан азаматы павлодарлықтарды миллиондаған теңгеге алдады
Алаяқ іздеуге салынған болатын. Ол жалған құжаттармен облыс орталығында тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов мәлім етті.
– Бүгінде 30 эпизод бойынша тергеу жүргізілуде. Өзбекстан азаматы облыс тұрғындарының жалпы сомасы 120 миллион теңгесін алаяқтық жолмен аударып алды. Бұл ақшаны ескі схема бойынша, сенімге кіріп, иемденіп алған,– деді Болат Нұрсейітов.
Оның сөзінше, алаяқ жалғыз өзі жұмыс істемеген. Оның сыбайластары ақшаны шешіп, басқа шоттарға аударуға көмек еткен. Олар адамдарға хабарласып: «сіздің атыңызға несие ашылды» деп психологиялық шабуыл жасады. Аталған алаяқтық топ ұсталды. Полицейлер ҚР ҚК-нің 190 -бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізуде.
– Жыл басынан бері киберқылмысқа күрес бөлімінің қызметкерлері 232 факт жасаған 142 алаяқты ұстады. Келтірілген залал сомасы 545 милион теңгені құрады. Ал алаяқтықтарды тіркеу өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда 12,6%-ға, оның ішінде интернет-алаяқтықтарды тіркеу -27,3%-ға төмендеді,– деді Болат Нұрсейітов.
Спикердің мәліметінше, алаяқтарды табу және қылмыстарды әшкерелеу қиынға соғады, себебі қоңырау шалатын адамдар көбіне Қазақстан азаматы емес, ал басқа елдердің тұрғындары.
– Бір алаяқ бір жәбірленушіден алған ең қомақты сома–20 миллион теңгені құрайды. Олар адамды көндіріп, басын айналдыру арқылы психологиялық шабуылдар жасайды,– деді Болат Нұрсейітов.
Көбіне 25 пен 60 жастағы адамдар осындай алаяқтарға көніп, ақшасын аударады. Ең жиі кездесетін алаяқтық схемаға–қоңырау арқылы біреудің атына несие ресімдеп жатқаны және жақын туысқандары апатқа ұшырағаны туралы хабарлап, ақшаны аударуға талап ету. Сондай-ақ, адамдар белгісіз сайттарға кіріп, тауарға тапсырыс берген кезде алдын ала төлем жасап, алданып қалады. Полицейлер павлодарлықтарға алаяқтардың қулығына түсіп қалмас үшін күмән туғызатын қоңырауды шалып қалған жағдайда телефонды бірден қоюға кеңес береді.