Павлодарда мыңнан астам мас жүргізушінің тағдырын сот шешеді
Олардың арасында бұрын көлік басқару құқығынан айырылғандар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері павлодарлық полицейлер көлік құралын мас күйінде басқарудың мыңнан астам, нақтырақ айтқанда 1049 фактісінің жолын кесті. Барлық құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік істер қозғалып, материалдар облыстың әкімшілік соттарына жолданды.
Мәселен, Ермак көшесіндегі үйлердің бірінің маңында полиция қызметкерлері «Audi A6» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарды тексеру барысында тәртіп сақшылары жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін екенін байқаған. Тәртіп сақшыларының күдігі медициналық куәландыру нәтижелерімен расталды.
– Анықталғандай ер адамға бұған дейін көлік басқаруға тыйым салынған. Яғни оны 2025 жылдың қазан айында Павлодар қаласының әкімшілік соты көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырған, - делінген хабарламада.
Құқық қорғау органы жүргізушілерге жол қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауды ескертеді.