Павлодарда Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні аталып өтті
15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай мектеп оқушылары, ауған соғысы ардагерлері және соғысқа қатысушылардың жақындары Ауған соғысында қаза болғандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ауған соғысы ардагерлерінің саябағында өткен шара барысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева бүгінде қалада 334 ауған соғысының қатысушысы тұратынын атап өтті.
– Ауғанстаннан әскердің шығарылғанына 34 жыл болды. Біз бұл оқиғаның осы жерге жиналғандарға ғана емес, отбасыларыңыздың әр мүшесіне, әр жас азаматқа маңызды екенін түсінеміз. Өйткені сіздер нағыз патриот болуға үлгі бола білдіңіздер. 34 жыл бұрын өзге мемлекеттің еркіндігін, достығын, бейбітшілігін қорғап, әлемде тыныштық орнаттыңыздар. Енді ешқашан «соғыс» деген сөзді естімеуді тілеймін, – деді Светлана Гладышева.
Сондай-ақ «Павлодар облысы және Павлодар қаласы бойынша Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Естай атындағы мәдениет сарайында мерекелік шара өтті.
Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысыс Балтабай Қаппасов Ауған соғысы ардагерлеріне Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Одан бөлек, ардагерлер Павлодар қаласы әкімінің Құрмет Грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Ауған соғысының ардагері Қуаныш Шарипов жаяу әскер сапында Ауған жерінде екі жыл болған. Майданнан жарақатпен оралған.
– 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Герат қаласында болдым. Қатардағы жауынгер ретінде ұрыстарға қатысып, 1982 жылы контузия алдым. Енді келешекте елімізде соғыс болмасын, артымызда жүрген бала-шағамыз аман болып, патриоттық рухпен Қазақстанды әрі қарай көркейте берсін, – деді Қуаныш Шарипов.
№6679 әскери бөлімінің командирі Аманжол Әйтенов Ауған жерінде ерлік көрсетіп, борыштарын абыроймен атқарған ардагерлерге алғысын білдіріп, ардагерлердің өңірдегі қорына сыйлығын табыс етті.
Сонымен қатар, шара барысында ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін жергілікті әртістер концерттік бағдарлама ұсынды.
Оразбек Саяхат
Фото: автор