Қарттар үйлері Павлодар облысында реформаланады
Шенеуніктер осы іске бизнесмендердің қатысқанын қалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы депутаттардың көмегімен Екібастұздың қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына қатысты мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жөніндегі шешімді заңға сәйкестендірді.
Басқарма басшысы Альмира Дисюпова айтып өткендей, 2023 жылдың қорытындылары бойынша жоба бойынша 51 623 теңге үнемдеу қалыптасқанына байланысты кассалық шығыстардың жалпы сомасы 20 550 380 теңге болуы шарт. Депутаттар бұл шешімді қолдады.
Әрі қарай мемлекеттік органдар басшысы халық қалаулыларының сауалдарына жауап берді. Депутат Серік Сәдуақасов екібастұздық қарттар үйін неліктен үш-төрт қана Екібастұз тұрғыны паналайтынын сұрады. Оның айтуынша, ондағы көпшілік басқа аудан тұрғындары.
- Бұл мекеме облыс көлеміндегі барлық жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге қызмет көрсетеді. Алайда, сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз. Егер Павлодар немесе Ақсудың мекемелерінде тұратын екібастұздықтар туған қаласына ауысқысы келсе ондай мүмкіндік береміз, - деді Альмира Дисюпова.
Тағы бір депутат Сәбиден Мантыков кеншілер қаласындағы қарттар үйін кеңейту керек деген ұсыныс айтты. Бірақ оған жауап берген Альмира Дисюпова ондай қажеттіліктің жоқтығын алға тартты.
Оның айтуына қарағанда, Екібастұз аймағындағы барлық жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер көмекпен қамтылған. Оларға қарттар үйінен бөлек, үйлерінде әлеуметтік көмекшілер жәрдемдесуде.
Оған қоса, жаңа әлеуметтік кодекс бойынша елде ірі қарттар үйлерінен, керісінше, кіші мекемелерге ауысу жүріп жатыр. Альмира Дисюпова осы үдеріске бизнес-қоғамдастықтың да белсенді атсалысуын шақырды.