Павлодарда креативті жастарға арналған ауқымды алаң ашылды

Павлодарда креативті жастарға арналған ауқымды алаң ашылды
Фото: автор

Белсенділер идеялары бір алаңда тоғысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста Дүниежүзілік креатив күніне орай Жастар бастамаларын дамыту орталығында шығармашылық пен жаңа идеяларды біріктірген ерекше жоба ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жастар түрлі интерактивті аймақтарға қатысып, өз қабілеттерін шыңдап, тың бастамаларын ұсынуға мүмкіндік алды.

Жоба тақырыптық алаңдар форматында өтті. Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша бөлініп, әр аймақта креативті тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, қатысушылар алаңдар арасында еркін қозғалып, өз қызығушылықтарына қарай белсенділік танытты.

Арт-аймақта «Қылқалам еркіндігі» тақырбында жастар өздерінің шығармашылық көзқарастарын қағаз бетіне түсірді. Ал «Бір минуттағы идея» аймағында шектеулі уақыт ішінде түрлі жобалар ұсынылып, үздік бастамалар іріктелді. Ерекше қызығушылық тудырған бағыттардың бірі фокустар мен иллюзияларға арналған шеберлік сабағы болды. Мұнда қатысушылар сахналық трюктердің қыр-сырын меңгеріп, көпшілік алдында өнер көрсету дағдыларын дамытты.

Музыкалық бағытта DJ-дискотека ұйымдастырылып, жастарға диджейлік өнердің қырлары таныстырылды. Сонымен қатар, «AI Idea Generator» алаңында қатысушылар жасанды интеллект көмегімен түрлі тақырыптар бойынша жаңа жобалар ойлап тапты. Ал «Live Report» аймағында іс-шараның барысы тікелей эфирде көрсетіліп, қатысушылардың эмоциялары мен пікірлері жазылып отырды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы креативті жастармен жұмыс істеу орталығының инспекторы Аида Балтабаева бұл жобаның маңыздылығына тоқталды.

- Бүгінгі іс-шара - Дүниежүзілік креатив күніне орай ұйымдастырылған ауқымды жоба. Негізгі мақсатымыз - қаламыздың өсіп келе жатқан ұрпағының, креативті жастардың дамуына үлес қосу. Жоба жеті бағытты қамтиды. Оның ішінде фокус пен иллюзия, DJ шеберлігі бойынша мастер-кластар, арт-аймақ, креативті идеялар алаңы және лайф контент бағыттары бар. Бұл жоба жыл сайын өткізіліп келеді, қатысушылар саны да артып келеді деп сенеміз, - деді ол.

Іс-шараға 14 пен 18 жас аралығындағы жастар қатысты. Қатысушылар топтарға бөлініп жұмыс істегенімен, кейбірі өз қызығушылықтарына қарай бағыттарын өзгертіп отырды.

№14 мектептің жетінші сынып оқушысы Шұғай Әсет бұл алаңның өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтты.

- Біз мұнда шеберлік сағаттарына келдік. Сурет салу, диджейлік өнер және басқа да қызықты шаралар бар. Өте көңілді әрі қызықты өтті. Мен сыныбыммен бірге келдім. Біз түрлі ойындарға қатысып жатырмыз. Маған шығармашылыққа толы демалыс ұнайды, әсіресе сурет салу, спорт және жаңа нәрселерді байқап көру қызық, - деді оқушы.

Сонымен қатар, №9 мектептің  сегізінші сынып оқушысы Әйгерім Абсаматованың ойынша, мұндай алаңдар жастарға өз қызығушылығын табуға және жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен мүмкіндік береді.

- Мен этнобұйымдар аймағына қосылдым. Мұнда ұлттық әшекейлермен танысып, өз қолымызбен бұйым жасап көруге мүмкіндік болды. Бұл бағыт маған ерекше ұнады, себебі ұлттық өнерді қазіргі форматта дамыту өте қызық екен, - деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы жобалар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың бастамаларын қолдауға және жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.