Павлодарда музыкалық кешен мерейтойын тойлайды

Павлодарда музыкалық кешен мерейтойын тойлайды
Фото: Константин Шелков

Онда барлық шығармашылық ұжымдар өнер көрсететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар музыкалық кешені жанындағы колледждің 65 жылдығы мен дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының  20 жылдық мерейтойына арналған гала-концерт өтеді.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары құрылып бүгінгі күнге дейін еліміздің мәдени-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өңіріміздің бірегей өнер-білім ордасы - Павлодар музыкалық кешені. Кешен деп аты айтып тұрғандай бұл оқу орнының құрамына  дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, колледж, базалық тәжірибеге арналған балалар музыкалық мектебі, Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов вокалдық мектебі кіреді. 

- Бүгінгі мерейтойлық гала-концертіміз сүбелі жетістіктерімізді паш ететін кеш болмақ, - дейді «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық  мектеп-интернат» кешені» ММ басшысы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Серік Сыздықов.

Оның айтуынша, білім ордасы 3000 астам түлекке қанат бітіріп, өнер деген ғажайып әлемге жолдама берді. 

- Ұрпақтар сабақтастығын үзбей, озық дәстүрлерді үлгі етіп жалғастырушы біздің педагогикалық, шығармашылық ұжым өткеніне құрметпен, болашағына үлкен сеніммен қарап және оған жарқын үміт артады, - деп бөлісті спикер.

Аталмыш гала-концерт бірнеше блоктан тұрады. Халық аспаптары және классикалық музыка орындалып, үрлемелі - ұрмалы аспаптар мен джаз шырқалады. Бұдан бөлек, эстрадалық-симфония мен хорлар, ұлттық фольклор және вокалдық шығармалары тыңдармандарға жоғары көңіл күй сыйлайды.

      Оның ішінде 200  адамдық хор ұжымдары, жаңадан құрылған эстрадалық-симфониялық оркестр, қазақ және орыс халық аспаптары оркестрі, джаз және үрлемелі аспаптар оркестрлері, камералық және фольклорлық ансамбльдер, сол сияқты жеке орындаушылар өз өнерлерін паш етеді. 

Сонымен қатар, арнайы осы мерекеге әйгілі жерлесіміз Иса Байзақовтың «Желдірме» әнінің тақырыбына жазылған фантазияны жаңадан құрылған студенттік эстрадалық-симфониялық оркестр орындайтын болады. 

Шығарманың авторы кешеніміздің білікті ұстазы, композитор Максиһм Хлебов, жаңа ұжымның жетекшісі әрі жас дирижері Диана Мұқатова да алғашқы рет концертімізде өнер көрсетпек. Елімізге және өңірімізге танымал белгілі мәдениет саласының қайраткерлері Виктор Денисенко, Талғат Каримов, Владимир Шлегель, Виктор Шейкин, Мадина Нұрғожинова, Яна Касьян, Гулнафис Макишбаева, Дамир Сұлтанов, Марго Колаян, Сәуле Мүсіпова, Жасқайрат Орынбаев, Мәди Ботагөзовтар қатарында жас маман, музыканттар Мәди Тулев, Әлижан Қазбеков, Сара Садығұлова, Айбар Ашкеев, Алмас Мұқатай, Мейірман Байбосынов, Жансая Қабышева, Ұғыбайдолла Мүфтән, Анель Шевчуктар  сахна төрінен көрінетін болады.  

Айта кетейік, музыкалық кешеннің  әкімшілігі мен педагогикалық ұжымы осы гала-концертті ұйымдастыруда қолдау көрсетіп көмек қолын созған Павлодар облыстық білім беру басқармасына, Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының әкімшілігі мен ұжымына, облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясының әкімшілігі мен ұжымына, белгілі кәсіпкер, фото-суретші Александр Пархоменкоға зор алғысын білдіреді.