Павлодарда КТК кубогы сарапқа салынды

Павлодарда КТК кубогы сарапқа салынды

Павлодар қаласындағы «Ertis Promenade» сахнасында Халықаралық КТК одағының «ИРТЫШ» ресми лигасының Кубогы үшін ойын өтті,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы әкімдігінің әрі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен жүзеге асқан жобаға Павлодар, Екібастұз, Теміртау қалаларынан және Павлодар облысының аудандарынан келген 6 команда қатысты. Көңілді тапқырлар екі кезең бойынша бақ сынады. Яғни «Сәлемдесу» және «Жарыс» («Разминка») бойынша өз өнерлерін ортаға салды.  

Бұл ойын әр команда үшін маңызды сайысқа айналды. Себебі, қатысушылардың бірі «Ертіс» ресми лигасының жартылай финалына жолдама алуға талпынса, енді бірі «Ертіс-Премьер» ашық республикалық чемпионатының финалына шығуды көздеді. Ал барлығын біріктірген ортақ мақсат – үздік атанып, КТК Кубогын иелену болды.

Қазылар алқасының шешімімен ойын қорытындысы бойынша екі команда – Екібастұз қаласының «АК-01» және Павлодар ауданының «Внезапный Дэб» командалары «Ертіс» ресми лигасының жартылай финалына жолдама алды. Осылайша, олар бұған дейін Қостанай, Теміртау және Павлодар қалаларынан іріктелген алты командаға қосылады.

Сонымен қатар, «Жарыс» кезеңінің үздігі болып Новочернояркадан келген «Картошка, беш не испортит» командасы танылды.

Сайыс нәтижесінде КТК-ның бас жүлдесі – Кубок Екібастұз қаласының «АК-01» командасының қанжығасына бұйырды.

Ал Павлодар қаласының «Северные лица», Ақтоғай ауданының «Сто процентов правда», Новочерноярка ауылының «Картошка, беш не испортит» және Теміртау қаласының «Молодежная сборная Темиртау» командалары «Ертіс-Премьер» ашық лигасының финалына шақырылды. Финалдық ойын КТК-ның туған күніне орай 8 қарашада Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. 

Бұдан бөлек, дәл осы сахнада 11 қазанда «Ертіс» ресми лигасының жартылай финалын өткізу жоспарланған.

Айта кетелік, биыл КТК қозғалысына 65 жыл толады.

Серіктестік материалы