Қарағандылық инженер ақынның Павлодар жайлы жыр жинағы таныстырылды

Қарағандылық инженер ақынның Павлодар жайлы жыр жинағы таныстырылды
Суретті түсірген Қасиет Мұхтаров

Ақын Айдын Байыстың «Алтын қазық» кітабы жарық көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жазылған. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өңіріміздегі игі-жақсы, ақын-жазушылар жиналды.

Айдын Байыс 1994 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көлік-энергетика факультетін тәмамдаған. Қазіргі кезде Астана қаласындағы «Астана-Теплотранзит» акционерлік қоғамы реттеу қызметінің инженері болып жұмыс атқарады.

–   Бұл  – өткен жылы жазда сапарды Баянауылдан бастап көнекөз қариялармен, ел-жер тарихын түгел танитын азаматтармен, өлкетанушылармен кездесіп, олармен сұхбат құрып, жан-жақты жұмыс істеудің  нәтижесінде жазылған өлеңдер, – дейді ол.

Ақын өлкемізге сапар жасап, Ертіс-Баян өңірінің әдеби-мәдени өмірімен танысып, ел аузындағы әңгімелерді тыңдап, тарих беттерінен ізденіп, тарихтан тамыр тарта отырып, аңыз, әпсаналар негізінде өрілген этнографиялық бағыттағы өлең-жырларының жинағын оқырмандарға ұсынды.

Кітап «Баянауыл» өлеңімен басталады. Жыр жинағында «Кереку», «Екібастұз», «Май елі», «Баянауыл, көне мүсін, көк сеңгір!», «Өлеңтінің өлеңі…»,«Бұйырып бақ-талайыма…», «Тамылжып таңғы шықтай тамызда өлең…» қатарлы өлеңдері бар.

–  Көп айтылмайтын, тарих беттерінде ізі қалса да, толықтай зерттелмеген Шахан Мусин туралы Айдын екеуміз көп іздендік. Туған жеріне бардық, көзін көрген кісілерді іздестірдік. Мәлімет толықтай табылмады деп жабырқап жүргенімде Шахан туралы поэма жаздым дегенде көңілім босап, көзіме жас келді, – деп қуанышын жасырмады «Ertis» арнасының директоры Жұмабек Сманов.

«Шахан» поэмасында автор халық әртісі «халық жауы» атанған Шахан Мусиннің қилы өмірі, тартысты тағдыры туралы жырлаған.

Ақын облыстық кітапхана қорына он кітап табыстады. Кітаптың тұсаукесерін Астана немесе Алматы қаласындаөткізу жоспарланып отыр.