Театр тарихымен тағдыры тоғысқан павлодарлық актрисаға арналған кеш өтті

Театр тарихымен тағдыры тоғысқан павлодарлық актрисаға арналған кеш өтті
Фото: театрдан

Гүлжанат Омарова 60 жылдық мерейтойын тойлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында өнер ордасының көрнекті өкілі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, театрдың алғашқы толқын актерлерінің бірі Гүлжанат Омарованың 60 жасқа толуына орай шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Мерейтой аясында көрермен назарына «Кездесу мен қоштасу» атты психологиялық драма ұсынылды.

Аталған спектакль – өмірдің мәні мен адам жанының ішкі иірімдерін, уақыт пен тағдыр тақырыбын қозғайтын, көрерменді терең ойға жетелейтін қойылым. Сахнадағы әрбір көрініс, кейіпкерлер арасындағы үнсіздік пен ішкі арпалыс көрерменге ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, қойылымдағы басты рөлді мерейтой иесі ойнады.

Гүлжанат Омарованың өнер жолы – табандылық пен талғампаздықтың, сахнаға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ол 1965 жылы 18 желтоқсанда Қарағанды облысында дүниеге келді. Бала кезінен өнерге жақын болып өскен болашақ актриса мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ән айтып, сахнаға шығып, шығармашылық ортада қалыптасты. Ақтоғай ауданындағы атақты «Тоқырауын толқыны» ансамблінің құрамында өнер көрсетуі оның сахнаға деген сүйіспеншілігін одан әрі нығайтты.

Кейін Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде хор дирижері мамандығын игеріп, кәсіби музыкалық білім алды. Фортепиано мен баян аспаптарын еркін меңгеруі оның актерлік шеберлігін тереңдетіп, сахнадағы музыкалық образдарды нанымды сомдауына зор ықпал етті.

1989 жылы Жүргенов атындағы театр және көркем сурет өнері институтын тәмамдауы  оның шығармашылық тағдырындағы шешуші кезең болды. Оқу орнында қазақ театр өнерінің ірі тұлғалары – профессор Хадиша Бөкеева мен Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасынан тәлім алды. Бұл мектеп Гүлжанат Омарованың сахна мәдениеті, актерлік этикасы мен кәсіби ұстанымының қалыптасуына негіз болды.

– Гүлжанатты біз институт қабырғасынан білеміз. Ол бізден бір курс жоғары оқыды. Ұстаздың мектебі шәкіртінен көрінеді ғой – Гүлжанаттың жүріс-тұрысы, сахнадағы мәдениеті, сөйлеу мәнері – сол тектіліктің айқын дәлелі. Ол қай жұмысты алса да үлкен жауапкершілікпен қарайды, – деді ҚР Мәдениет қайраткері, театр әртісі Бахаргүл Құрбанова.

1990 жылы Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры ашылғанда, жас актриса алғашқылардың бірі болып осы өнер ұжымының құрамына қабылданды. Содан бері ол осы театр сахнасында 35 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келеді. 

Осы жылдар ішінде Гүлжанат Омарова қазақ және әлем драматургиясындағы ондаған күрделі образды сомдап, көрерменнің жүрегінен берік орын алды. Ақбөпе, Ақбілек, Ақтоқты, Регана, Бопай, Ханым, Александра, София және басқа да кейіпкерлер оның сахнадағы жан-жақты актер екенін дәлелдеді. Әр рөлінде ол әйел болмысының терең психологиясын, ішкі қайшылығы мен рухани қуатын шынайы көрсете білді.

2007 жылы Астана қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде Иса Байзақовтың «Ақбөпе» моноспектаклі үшін «Ең үздік әйел образы» аталымын жеңіп алуы  оның шығармашылық биігінің бір көрінісі болды. Ал 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» моноспектаклін сахналап, актерлік шеберлігімен қатар, режиссерлік қабілетін де дәлелдеді. Кейінгі жылдары ол «Шағала», «Сингулярлық нүкте», «Аю» сынды қойылымдарды сахналап, театрдың көркемдік репертуарын байыта түсті.

Ұзақ жылғы адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Гүлжанат Омарова ҚР «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісімен, сондай-ақ бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Бүгінде ол өмірлік серігі, театр қайраткері Жұмахан Доспаевпен бірге тек сахнада ғана емес, ұстаздық жолда да жемісті еңбек етуде. Шаһардағы Торайғыров университетінде «Актерлік өнер» бөлімін құрып, жас актерлерге кәсіби білім мен сахна әдебін үйретіп келеді. Оның шәкірттері үшін Гүлжанат Омарова – тек ұстаз ғана емес, өнерге адалдықтың үлгісі.

Мерейтойлық кеш бір адамның ғұмыр жолын ғана емес, қазақ театр өнеріндегі тұтас бір буынның еңбегін айшықтаған тағылымды шара болды.

Фото: театр және Константин Шелков