Павлодарда кіші жамбас көктамырларының варикозын емдеудің бірегей оталары жасалды

Павлодарда кіші жамбас көктамырларының варикозын емдеудің бірегей оталары жасалды
Фото: Константин Шелков

Қымбат тұратын ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Эндоваскулярлық хирург Евгений Мунның айтуынша, кіші жамбас көктамырларының варикозы әйелдерде іштің төменгі бөлігіндегі ауырсынуға әкеледі.

– Варикозды кеңейген көктамырлар көбіне көп рет босанған әйелдерде кездеседі. Біз Павлодарға осындай пациенттерге көмектесу үшін келдік, – деді дәрігер. – Қолдағы шағын тілік арқылы кубиталды тамырға жіңішке катетер енгізіледі, оған арнайы спираль орнатылады. Бұл спираль патологиялық қан ағынын бөгейді. Процедура эмболизация деп аталады.

Дәрігердің айтуынша, ота жергілікті анестезиямен, яғни наркозсыз және тілік жасамай жүргізіледі. Пациент есін білетін күйде болып, хирургтармен байланыста болады. Көктамырларда жүйке ұштары болмағандықтан, адам ешқандай ауырсыну сезбейді.

Бірінші күні дәрігерлер МӘМС аясында төрт ота жасады. Ерлердегі варикоцеле мен әйелдердегі кіші жамбас варикозы – бір типтегі мәселе, олар бірдей әдіспен емделеді. Алматыдағы жеке клиникаларда мұндай операцияның құны екі миллион теңгеден басталады.

– Эмболизациядан кейін пациенттер айтарлықтай жеңілдік сезінеді. Егер диагноз дұрыс қойылса, жыныстық қатынас кезінде, етеккір кезінде және дене жүктемесі кезінде болатын ауырсынулар басылады, – деді хирург. – Спираль орнату кейінгі жүктілікке әсер етпейді.

Павлодарлық қан тамырлары хирургы Ринат Сабековтың айтуынша, шеберлік сабағы бұл әдістің қолжетімділігін арттыру үшін өңірдің акушер-гинекологтары мен тамыр хирургтарына да арналған. 

– Көптеген пациенттер қай маманға бару керектігін білмейді – гинекологқа ма, әлде хирургқа ма. Сондықтан біз бірлесе жұмыс істейміз, әйелдерге қайда және қалай емделу керектігін түсіндіру үшін, – деп түсіндірді хирург. – Реабилитация қажет емес. 2-3 күннен кейін пациенттер үйлеріне шығарылады.

Ринат Сабеков атап өткендей, Павлодар кардиоорталығы – Қазақстандағы алдыңғы қатарлы медициналық мекемелердің бірі. Мұнда елдегі заманауи технологиялардың барлығы дерлік қолданылады. Павлодарға емделуге еліміздің басқа өңірлерінен де, көршілес елдерден де науқастар келеді.

– Біз тек жүрек ауруларын ғана емес, сонымен қатар аорта, ұйқы артериялары мен аяқ-қол тамырларының патологиясын да емдейміз. Атеросклероз бүкіл ағзаны зақымдайды, сондықтан ем кешенді болуы тиіс, – деді маман.

Кіші жамбас варикозын емдеуден бөлек, орталықта стенттеу, каротидтік эндартерэктомия, ангиопластика және басқа да заманауи эндоваскулярлық операциялар жасалады. Жыл сайын павлодарлық қан тамырлары хирургтары түрлі типтегі шамамен 700 эндоваскулярлық отаны орындайды.