Жаңа жылда ескі көлігі бар павлодарлықтарды жағымды сыйлық күтеді

Бұл салық кодексінің өзгерістері аясында жүзеге асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың қатысуымен өткен кездесуде 2026 жылдың қаңтарынан күшіне енетін жаңа салық кодексінің өзгерістері талқыланды.
Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі көліктердің басым бөлігі он жылдан асқан, сондықтан дәл осы санаттағы автокөлік иелері үшін салық көлемі төмендетіледі. Яғни, он жылдан жиырма жылға дейінгі көліктерге 30 пайыз, ал жиырма жылдан асқан көліктерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
– Азаматтардың басым бөлігі үшін көлік салығын төмендеттік. Бүгінде еліміздегі автопарк көлемі 5,8 миллион көлікті құрайды. Ал жаңа салық кодексі аясындағы жеңілдіктер ел тұрғындарының шамамен 70 пайызына әсер етеді. Бұл – жергілікті бюджет кірісі үшін норма. Жалпы алғанда, ел бойынша көлік салығының көлемі шамамен 35 миллиард теңгені құрайды, – деді ол.
Бұл өзгеріс екінші нарықтағы сауда-саттықты күшейтеді. Егер азамат көлікті бір жылдан астам уақыт иеленсе, оны сатқан кезде салық төленбейді. Ал егер көлікке иелік ету мерзімі бір жылдан аз болса, онда жеке табыс салығы көлікті сатудан түскен табыстан төленеді және ол 270.00 нысанында көрсетіледі.
Ерлан Сағынаевтың айтуынша, сән-салтанат заттарына салынатын салық мөлшері де артады. Құны 450 миллион теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке енді екі пайыздық салық салынады. Ал құны 75 миллион теңгеден асатын люкс-көліктердің иелері үшін қосымша он пайыз салық енгізіледі.
Бұдан бөлек, теңіз кемелеріне, әуе көліктеріне, сондай-ақ алкоголь мен темекі өнімдеріне де жоғары салық мөлшерлемесі қолданылады.