Павлодар облысында ана мен бала денсаулығын қорғау шаралары күшейтілді

Павлодар облысында ана мен бала денсаулығын қорғау шаралары күшейтілді
Фото: pexels.com / MYKOLA OSMACHKO

Прегравидарлық дайындықтан өтетін әйелдердің үлесі 45%-ға дейін артып, жаңа медициналық орталық ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековтың мәліметінше, облыстық перинаталдық орталықта ашылған Репродуктивті денсаулықты қорғау орталығы жүктілікті жоспарлау кезеңінде әйелдерге кешенді қолдау көрсетеді. Мұнда генетик, репродуктолог, акушер-гинеколог, УДЗ дәрігері және қауіп тобының үйлестірушісі жұмыс істейді.

Туа біткен ақаулардың алдын алу үшін Бір күндік клиника мен клиникалық-диагностикалық бөлімше құрылды. Шала туған және ауыр патологиясы бар балаларды бақылау үшін катамнездік бөлімше жұмысын жалғастыруда.

Соңғы екі жылда облыста ана өлімі тіркелмеген. Сонымен қатар, «Әрбір әйел – әрбір бала» іс-қимыл жоспары аясында жүкті әйелдер мен босанушылар маршруты оңтайландырылып, акушерлік көмекті ұйымдастыру стандарттары жаңартылды.

Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» арнайы бағдарламасын бекітті, бұл әйелдерге экстрагенитальды аурулардың алдын алу шараларын күшейтуге және прегравидарлық дайындықпен қамтуды арттыруға бағытталған.